12 жел, 2019 сағат 11:45

Алматыда «Kazakhstan Urban Conference 2019» форумы өтіп жатыр

Бүгін Kazakhstan Urban Conference 2019 отырысында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис дамуының түбегейлі жаңа кезеңін бастайтын «Алматы 2050» стратегиясының қоғам мен сарапшылар талқылауынан өткен нәтижесін ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы әкімдігі ұйымдастырған Kazakhstan Urban Conference 2019 форумының пікірталас алаңында қоғамдық қауіпсіздік, қала көлігінің тиімділігі, экология, мегаполистің аумақтық дамуы, коммуналды секторды жақсарту, еңбекпен қамту және басқа да мәселелер талқылануда. «2050 жылы Алматының келбеті қалай өзгереді?», «Алматы 5 млн тұрғынға метроөңір бола ала ма?» тақырыптары жеке талқыланады.

Урбан форумның жұмысына стейкхолдерлер, урбанистер, сәулетшілер, экономистер, инвесторлар, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен қала тұрғындары қатысуда. Олар ашық диалог барысында замануи қалалардың дамуы туралы өз ойларын ортаға салып жатыр.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы 2050» даму стратегиясы туралы айта келіп, оның басты үш қағидат - жаңа экономика, жаңа кеңістік және жаңа коммуникацияларға негізделгенін атап өтті.

«Біз алматылықтардың жоғары сапалы өмір сүруі мықты қалалық экономикалық база қалыптасқанда ғана мүмкін екеніне көз жеткіздік. Сондықтан стратегияда экономикалық дамудың «құрылымдық маневрі» жасалған, осының аясында біз креативті индустрияның, ақпараттық технологияның, туризмнің үлесін біртіндеп ұлғайтамыз», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жиын барысында мегаполис әкімі Алматының «шетсіз қала» ретінде дамитынын айтты.

«Қала кеңістігін полиорталықтандыруға көшіру біртіндеп жүзеге асады. Өмір сүрудің жоғары сапалы стандарттары болуы тиіс және ол қаланың барлық аудандарында қамтамасыз етіледі. Бұл - менің алдыма қойған басты мақсатым», - деді әкім.

Үшінші қағидат – жаңа коммуникациялар «Алматы 2050» стратегиясын әзірлеуде қолданылды және қаланың ең өзекті мәселелерін талдауда конструктивті қоғамдық диалогты қорытындылады.

Стратегиядағы міндеттерді жүзеге асыру үшін ортамерзімді, шешуді қажет ететін бірқатар құжаттар қабылданды. Бұлар – 2020-2024 жылдарға арналған «Жаңа Алматының» кешенді жоспары, «Үлкен Алматы» — Алматы агломерациясын дамытудың өңіраралық жоспары және «Алматы Бизнес-2025» бірыңғай өңірлік бағдарламасы.

Бұлардан өзге, «Алматы 2025» даму бағдарламасы, қаланы дамытудың шеберлік жоспарының тұжырымдамасы және Алматының жаңа бас жоспары әзірленеді. Сонымен қатар, қаланың барлық сегіз ауданы дамудың үш жылдық шеберлік жоспарын дайындауы тиіс.

«Бұл стратегияны әзірлеуге және талқылауға қаланың барша жұртшылығы белсене қатысты деп нық сеніммен айта аламын. Оны дайындауға Алматының сарапшылар қоғамдастығы, Іскерлік кеңесі, Қоғамдық кеңесі, қалалық мәслихаттың депутаттар корпусы, бизнес-қоғамдастық, қаланың белсенді азаматтары мен тұрғындары кеңінен тартылды», - деді шаһар басшысы.

Ол Алматыны стратегиялық жоспарлау барысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының алғаш рет жүзеге асқанын атап өтті.

Стратегия жобасы арнайы сайтта ашық түрде ұсынылды, мұнда әркім өзінің ұсыныс-пікірін білдіре алды және қалалық газеттерде жарияланды, әлеуметтік желілер мен телеарнада кеңінен тарады.

Жалпы, мыңнан астам ұсыныс түсті. Қалалық мобильділік және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша түскен сауалдар басым (18,2%) болды, екінші орында (12%) - экология мен жасылдандыру, ауа бассейнін тазарту мәселелерін шешу тұрса, сәулет, құрылыс ТҮКШ бойынша түскен ұсыныстар 10,6%-ды құрады.

Барлық түскен ұсыныс бірнеше санатқа бөлінді. Сайт арқылы түскен тұрғындардың шамамен 130 ұсынысы стратегияның қорытынды нұсқасында ескерілді. 234 ұсыныс ортамерзімді (тактикалық) сипат алғандықтан, мемлекеттік органдардың операциялық жоспарына енеді. 123 ұсыныс таяу арада шешілуі үшін OpenAlmaty жүйесіне тіркелген.

Сарапшылар мен қоғамның пікірі ескеріліп, қайта толықтырылған стратегия қалалық мәслихаттың қарауына ұсынылады.