
Әкімдіктің қаулысымен қанттың бөлшек сауда бағасы тағы 2 айға ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қаласының әкімдігі экономикалық және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, бағаны ұстап тұру жөніндегі қалалық комиссия ұсынымының негізінде қанттың бір келісі үшін 254 теңге мөлшерінде белгіленген шекті қол жетімді бөлшек бағасының қолданылу мерзімін 30 күнтізбелік күннен 90 күнтізбелік күнге дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
Бұл шара нарықтағы өнімнің өзіндік құнын тұрақтандыруға және сатушылардың бағаны негізсіз өсірмеулеріне бағытталған.
Қаулы 30 қаңтардан бастап күшіне енді. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мамандары аудандар әкімдіктерімен бірге кесімді бағаларды тұрақты бақылайтын болады.
Бағаға қатысты белгіленген тәртіп бұзылатын болса және жыл ішінде қайталанса, онда 100 айлық есептік көрсеткіштен (291 700 теңге) 200 айлық есептік көрсеткішке (583 400 теңге) дейін айыппұл төленіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
