12 қыр, 2023 сағат 16:11

Алматыда ер адам көпқабатты пәтерде есірткі зертханасын ұйымдастырған

Фото: Polisia.kz

Алматыда 27 жастағы ер адам көпқабатты тұрғын үй кешенінде есірткі зертханасын ұйымдастырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Синтетикалық есірткіні шығаратын зертхана Алматының Бостандық ауданында орналасқан тұрғын үй кешендерінің біріндегі екі бөлмелі пәтерде жұмыс істеп тұрған. 27 жастағы У. есімді азамат “синтетика” өндіру үшін тұрғын үйді арнайы жалға алғандығы белгілі болды.

"Тінту кезінде біздің бөлімше қызметкерлері медициналық шприцтер, қолғаптар, лакмус қағазы, жасыл түсті изолента, прекурсорлар мен тұз қышқылы бар ыдыстар, арнайы зертханалық шыны ыдыстар, электронды таразылар және синтетикалық психотроптық зат мефедрон өндірісінде қолданылатын басқа да құралдарды тәркіледі. Сондай-ақ дайын өнім – кристалдар түріндегі ақшыл түсті зат. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат жалпы салмағы 139,57 грамм альфа-PVP есірткі заты болып табылады.

Сонымен қатар көк түсті изолентаға оралған, ақшыл ұнтақты зат, болжам бойынша мефедрон, бөлек оралған 15 және 6 бетбелгі тәркіленді. Пәтерден табылғанның бәрі: сұйықтық, кристалды және ұнтақ күйінде сот-химиялық сараптамаға жіберілді, – дейді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов.

Сондай-ақ жас жігіттің бұрын мүліктік қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар екені анықталды

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Іске қатысы бар азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.