21 сәу, 2022 сағат 16:02

Алматыда екі жігіт бойжеткенді көлікке күштеп алып қашқан - видео


Алматыда екі жігіт бойжеткенді күштеп, көлікке мінгізіп алып қашты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Алматы қалалық Полиция департаменті аталмыш оқиға бойынша ешқандай хабар, өтініш түспегенін мәлім етті. 

«Алатау аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімінің мәліметінше, болған оқиға туралы 102 пультіне сигнал, өтініштер түскен жоқ. Қазіргі уақытта мән-жайларды анықтау үшін жедел бөлімше тексеру іс-шараларын жүргізуде. Тәжірибеге сүйенсек, бұл пранк немесе қандай да бір шығармашылық өнімнің түсірілімі болуы мүмкін. Қалай болғанда да, тексеру шаралары жүріп жатыр», - деді қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек. 

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 125-бабы «Адамды ұрлау» бойынша қылмыс жасаған адамға төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.