Алматыда коронавирус жұққан екі әйел жазылып шықты деп хабарлады қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев.
"66 науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Екі ересек адамның жағдайы ауыр, 11 адамның жағдайы - орташа ауыр. Бүгін инфекциялық стационардан екі науқас жазылып шықты. Екі әйелдің бірі 15 наурызда Стамбул - Алматы, екіншісі Египеттен 22 наурызда ұшып келген" деп хабарлады ол.
Қалада жалпы 13 адам жазылып шыққан. Екеуі - бала.
Басқарма жетекшісінің айтуынша, шамамен 600 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қазір екі адам сондай аппаратпен тыныс алып жатыр.
Маманның сөзіне сенсек, жасанды тыныс алу аппаратары қаланың барлық медициналық ұйымдарында жеткілікті.
«Олардың ішінде жұқпалы екі ауруханада 17 аппарат бар. Провизорлық госпитальға 4 жасанды тыныс алу құрылғысы қойылды. Егер науқастардың саны көбейетін болса, сол жерге жатқызуды жоспарап отырмыз. Бүгінгі күні жасанды тыныс алу аппаратына екі науқас қосылды», - деп толықтырды Т.Әбілдаев.
Басқарма дерегінше, қазір провизорлық орталықта 613 адам (79 бала) карантинде жатыр. Екі күндік карантинде - 446 адам, үй карантинінде 4411 адам жатыр.
Алматыда жалпы 93 адамнан коронавирус табылған.
Алматы - вирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Нұр-Сұлтаннан (199) кейін екінші тұр. 19 наурызда қалада карантин жарияланып, қалаға кіріп-шығуға тыйым салынды. 28 наурызда адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Қала тұрғындары азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алу сияқты өте қажетті жағдайда ғана көшеге шыға алады. Қалада азық-түлік дүкендері, дәріханалардан басқа нысандар жабық.