03 ақп, 2021 сағат 17:30

Алматыда бір апта бойы күн жылы болады

Алматыда аномальді жылы күн райы бір апта бойы сақталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Синоптиктердің айтуынша, ауа температурасы күндіз +12 С шамасында болады. 

«Иранның оңтүстік-батысынан шыққан жылы циклон қазіргі уақытта Алматыда төменгі қысым мен жоғары ылғалдылықтың сақталуына әсер етті. Сондықтан, қаланы бүгін түнде және таңертең тұман басады. Ауа температурасы түнде 0, -2 градус, күндіз + 6 + 8 градус шамасында болады», - деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы метеорологиялық болжам бөлімінің жетекші инженері Бибігүл Бекмырзаева. 

Ылғалды, жылы ауа-райы 9-10 ақпанға дейін созылады. 

«9 ақпанға дейін ауа температурасы түнде 0, -5 градус, күндіз +7 + 12 градус болады», - деп атап өтті синоптиктер. 

Қазгидрометтің хабарлауынша, ақпанның екінші онкүндігі жауын-шашынды болмақ.