11 мам, 2022 сағат 19:21

Алматыда басына оқ тиген ер адамның жағдайы ауыр


Орталық қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургтары басына оқ тиген адамға күрделі операция жасады. Науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Науқас орталық қалалық клиникалық ауруханаға бас миының ашық жарақатымен түсті. Дәрігерлер оған шұғыл түрде операция жасады. Қазір науқастың жағдайы ауыр тұрақты деп бағаланып отыр», - деп жауап берді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан.

Бұған дейін Алматыда 39 жастағы ер адам екі танысына травматикалық тапаншадан оқ атқаны туралы жазған едік. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. 

1983 жылы туған У. есімді күдікті ұсталып, қамауға алынды. Белгілі болғанындай, Медеу ауданына қарасты шағын аудандардың бірінде тұратын үш ер адамның арасында жанжал туындаған. 39 жастағы тұрғын травматикалық тапаншадан 1973 жылы туған Б. және 1973 жылы туған Г. есімде екі адамға оқ атты.