17 қыр, 2023 сағат 11:24

Алматыда әйел мен оның екі баласын өлтірген күдікті ұсталды

Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Полиция қызметкерлері анасын және оның кәмелетке толмаған балаларын өлтірген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 1982 жылғы Алматы қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды.

Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) және 99-бабы 3-бөлігі (жас баланы өлтіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта түпкілікті іс жүргізу шешімін қабылдау үшін барлық қажетті сараптама тағайындалып, тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Ұсталған адам аудандық полиция УҰИ-ға қамаққа алынды" - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 14 қыркүйекте сағат 23:24 шамасында Алматы облысы Іле ауданының полиция бөліміне Ащыбұлақ ауылындағы үйлердің бірінен К. есімді әйел мен оның екі кәмелетке толмаған баласының денелері табылғандығы туралы ақпарат келіп түскен. Күдікті қылмыс іздерін жасыру мақсатында үйді өртеп жіберген.