26 нау, 2020 сағат 17:36

Алматыда ақша айырбастау пункттерінің жұмыс уақыты қысқарды

Алматыда ақша айырбастау пункттері кешкі сағат 16:00-ге дейін жұмыс істейді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, мегаполисте коронавирустың таралуын болдырмау үшін айырбастау пункттерінің жұмыс уақыты шектелді. 

«COVID-19 таралуына жол бермеу мақсатында Алматы қаласы аумағында карантин және төтенше жағдай кезеңінде Алматы қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі жедел штаб төтенше жағдай режимінің әрекет ету уақытында қалада уәкілетті банктердің (олардың жұмыс кестесіне сәйкес) және қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар уәкілетті ұйымдардың айырбастау пункттерінің жұмысын Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін уақытша шектеуге шешім қабылдады» делінген хабрламада. 

Бұл шаралар қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру кезінде Алматы қаласының аумағында коронавирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға бағытталған.