01 шіл, 2023 сағат 13:45

Алматыда 45 млн теңге пара алған шенеунік қамауға алынды

Фото: rock-n-dom.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі заңбұзушылық фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Антикор мәліметінше, мемлекет қажеттілігі үшін әкімшілік тарапынан жер учаскесін сатып алғаны үшін жеке басына 45 млн теңге сомасында пара алған қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Ол сот санкциясымен қамауға алынған.

"Сонымен қатар тергеу осы басқарманың лауазымды тұлғалары аффилиирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз көтергенін анықтады. Нәтижесінде мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген.

Бұл ретте бағалаушының бір нысан үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңгені және 2022 жылы 10 теңгені құраған.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзу Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталды" - делінген хабарламада.

Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын келіскені белгілі болған.

"Нәтижесінде мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді. Барлығы 470-тен астам жер учаскесі тексерумен қамтылды.

Жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды" - делінген Антикор хабарламасында.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.