05 нау, 2022 сағат 18:30

Алматыда 28 Панфиловшы саябағында вандализм фактісі тіркелді


Алматы әкімдігі 28 Панфиловшы саябағында болған вандализмге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Гоголь мен Пушкин көшелері қиылысындағы 28 Панфиловшы саябағында 9 шаршы метр гранит тақтайша қиратылып, кіреберістегі жазудың 5 әрпі ұрланған болатын. Сондай-ақ мәңгілік алау маңынан 2 әріп ұрланып, жауынгерлердің аты жазылған 4 шойын ескерткіш бұзылды. Қалпына келтіру жұмыстары ақпан айында аяқталды», - хабарлады қалалық әкімдіктен. 

Алайда қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 наурыз күні сағат 10:00-де Гоголь көшесі жағындағы кіреберісте тағы 2 әріптің және ескерткіштен 8 шойын маңдайшаның жоғалғандығы анықталды. 

Ал, 5 наурызда қоладан жасалған 2 әріптің ұрланғаны белгілі болды. Бұзылған гранит пен жоғалған әріптердің жалпы шығыны 5,7 млн теңге. 

Қала әкімдігі аталған деректерді Алматы қаласының Полиция департаменті тіркеп, саябақтағы тексеріс жұмыстарын күшейткенін жеткізді.

«Қалпына келтіру жұмыстары 22 наурызға дейін жүргізілетін болады. Тарихи ескерткіштерге қатысты вандализм фактілерінің жиілеп кеткендігіне байланысты қала әкімдігі алматылықтарды қала мүлкіне мұқият қарап, өз тарихымызға сыйластық танытуға шақырады», - делінген хабарламада.