01 ақп, 2021 сағат 14:48

Алматыда 2 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакцина салдырады

Алматыдағы №36 қалалық емхананың медицина қызметкерлеріне «Спутник V» вакцинасы егілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Емхананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген мәлім еткеніндей, Наурызбай ауданында орналасқан төрт емхананың 210 медицина қызметкері вакцина салдыруға өтініш білдірген.

«Олардың арасында біздің клиниканың 60 қызметкері бар. Бүгін біздің емханаға 105 доза вакцина жеткізілді. Алғашқы 11 адамға вакцина егілді. Вакцина салдырмас бұрын барлық қызметкерлер дәрігердің тексеруінен өтеді. Егер дене қызуы 37 ° C-дан асса, вакциналау кейінге қалдырылады. Бір құты 5 адамға арналған. Вакциналаудан кейін қызметкерлер арнайы бөлінген бөлмеде жарты сағат әріптестерінің бақылауында болады. Қазір вакцин алғандардың жағдайды жақсы, жанама әсерлер анықталған жоқ «, - деді Гүлжайнат Тілеген.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, ақпан айында 2050 медицина қызметкері вакцина салдырады. Оның ішінде, бірінші кезекте, жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел медициналық көмек, қарқынды терапия, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жедел жәрдем қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандары иммундаудан өтеді.