10 ақп, 2022 сағат 19:06

Алматыда 100 жастағы кейуана коронавирустан жазылып шықты


Алматыда 100 жастағы кейуана коронавирустан емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәмеш Қаратаева Алматы қаласы И. Жекенов атындағы клинникалық жұқпалы аурулар ауруханасына 5 ақпан күні жөтел және әлсіздікпен ауыр халде түсті. 

Дәрігерлердің айтуынша, науқас бірден интенсивті терапия бөлімшесінде ем алып, динамикасы жақсарған. 

«Науқас коронавирус инфекциясы диагнозымен, өкпесінің 25% зақымдануымен түсті. Ауруды жеңудегі басты нәрсе – әжейдің өмірге деген құштарлығы», – дейді И. Жекенов атындағы клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 1 санатты дәрігері Дания Насырбекова. 

Өз кезегінде ғасыр жасаған әжей медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

«Мені емдеп, қолдау білдіріп жатқан ақ халатты абзал жандарға рахметімді айтамын, айналайындар, өмір жастарың ұзақ болсын. Менің жасымды берсін. Еліміз тыныш болып, көркейе берсін», - деп батасын берді ол.

Айта кетейік, Дәмеш әже өзінің 100-ге келген туған күнінде ауруханадан шықты. 

«Қос қуанышы қатар келген кейуананы аурухана мамандары гүл шоғы мен сыйлық беріп, үйіне шығарды. Ал кейуананың жақындары аурухана әкімшілігіне алғысын айтты», - деп қосты Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.