09 ақп, 2021 сағат 13:30

Алматыда 1 315 медицина қызметкері коронавирус вакцинасын салдырды

Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының дәрігер-эпидемиологы Эльвира Ибрагимова брифингте айтты. Алматылық медицина қызметкерлерін вакциналау үшін «СҚ Фармация» 1750 доза екпе жеткізген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бірінші кезекте, вакцинация инфекциялық стационарлардың қызметкерлеріне, көпсалалы стационарлардың қабылдау, реанимация бөлімдерінің қызметкерлеріне, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жедел медициналық көмек қызметкерлеріне, сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлеріне жүргізіледі. 

«Медицина қызметкерлеріне бірінші кезең үшін 1 750 доза вакцина алынды, сәйкесінше, екінші кезеңге де 1750 доза жеткізілуі тиіс. Вакцина 2 кезеңде жүргізіледі, басында 0,5 мл дозада бірінші компонент, кейін 21 күннен кейін 2 компонентпен тағы да 0,5 мл енгізіледі, осылайша, вакцинаның бірінші дозасы иммундық жауапты іске қосса, екіншісі оны күшейтеді»,- деп атап өтті Э.Ибрагимова. 

8 ақпанда бірінші компонент вакцинасымен 1 315 медицина қызметкері қамтылды. 

59 жағдайда вакцинация кейінге қалдырылды және 2 адам вакцинациядан бас тартты. 

21 ақпаннан бастап қызметкерлерді екінші компнентпен вакциналау жалғасады. 

Вакцинация жүргізу үшін әр ауданда егу кабинеттері мен егу бригадасы дайындалды. 

Иммундау барлық ережелердің қатаң сақталуымен және «суық тізбекті» сақтау арқылы жүргізіледі.