21 мау, 2021 сағат 17:58

Алматы облысының тұрғыны шетелдік 22 азаматты алдаған


Алматы облысында өзге мемлекет азаматтарын алдады деген күдікпен 44 жастағы әйел ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, осы жылдың 12-14 маусымы аралығында шетелдік 22 азамат полицияға арыз жазған. 

«Еңбекшіқазақ аудандық полициясына шағымданғандардың сөзінше, оларға белгісіз әйел еңбек келісімшартын жасауға көмектесемін деп уәде берген. Әрқайсысынан 3-5 мың теңгеден ақша алған. Жедел-іздестіру шарасы барысында Бәйдібек би ауылының 44 жастағы тұрғыны ұсталды. Әйел өз кінәсін мойындады», - делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Қазір осы фактіге сәйкес ҚР ҚК-нің 187-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.