02 қар, 2020 сағат 13:05

Алматы облысында жол бойында көкпар тартқандар жазаланды

Алматы облысында сүндет тойдың құрметіне көкпар тартқандар жазаланды. Трассаның қақ ортасында тәртіп бұзған көкпаршылар Қарасай ауданының тұрғындары болып шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, көкпаршылардың видеосы әлеуметтік желіге тарап, халық наразылығын тудыртқан болатын. 

«1 қараша күні полицияға Алматы-Жандосов жолында көкпар ұйымдастырылып жатқандығы жөнінде хабарлама келіп түсті. Тәртіп сақшылары анықтағандай, ұлттық ойынды Долан ауылының 38 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол бес жастағы ұлын сүндетке отырғызу құрметіне көкпар ұйымдастырған. Ер азамат полиция бөліміне жеткізілді», - делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында. 

38 жастағы тұрғын карантин талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 434-бабы 1-тармағына сәйкес жазаланатын болады. Оған қатысты іс тиісті органға жолданды.