01 қыр, 2021 сағат 17:57

Алматы облысында жемқорлық бойынша 19 басшы жауапкершілікке тартылды


Алматы облысында жыл басынан бері 19 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыстық сыбайлас жемқорлық департаментіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев 2021 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы баяндады.

Жандос Жұмабаевтың айтуынша, жыл басынан бері жедел-тергеу бағыты бойынша 84 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 66-ы жемқорлық фактісі бойынша орын алған. Ауыр құраммен 56 қылмыс, аса ауыр құрам бойынша 5 қылмыс тіркелген.

Жалпы осы уақыт ішінде тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 78,3% көрсеткішті құрап отыр.

Есептік кезеңде барлығы 147 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Алматы облысында жыл басынан бері 19 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде облыстық маңызы бар – 6 басшы, аудандық деңгейдегі – 7 басшы, қалалық деңгейдегі – 5 басшы және 1 ауылдық деңгейдегі басшы бар.

Сонымен қатар, есептік кезеңде «жүйелі» сыбайлас жемқорлықтың 8 фактісі анықталды. Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 22 адам әшкереленді. Жалпы саны 31 қылмыс тіркеліп, 4 қылмыстық іс сотқа жолдаумен аяқталды, 1 адам сотталды.

Сондай-ақ, жыл басынан бері барлық аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 812,5 миллион теңгені құрады. Бүгінгі күні 792,1 миллион теңге өтелді, яғни аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың өтелуі 97,5% көрсеткішті құрайды.

Есепті кезеңде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен Алматы облысының 3 тұрғыны 612 570 теңгеге көтермеленді.

Айта кетсек, Алматы облысында 2020 жылдың 6 айында 128 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның 75%-дан астамы сыбайлас жемқорлық қылмысы (96) болған еді.   

Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы шығын 2,2 млрд. теңгені құрап, оның 1,6 млрд. теңгесі өтелген.

Ауыр және аса ауыр қылмыстар – 70%-ы, немесе 82 құқық бұзушылықты құрады.

Ең көп таралған сыбайлас жемқорлық қылмыстар – парақорлық – 58 факт немесе 60,4%, лауазымдық өкілеттікті теріс пайдалану – 17, немесе 17,7%, қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау – 6 немесе 6,3%, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу – 6 немесе 6,3%, билікті асыра пайдалану – 5 немесе 5,2%.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 75 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде бірінші басшылар – 27 адам.

Тергеу тәжірибесіне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мен ведомстволық бағынысты мекемелердің қызметкерлері сыбайлас жемқорлық көріністеріне неғұрлым бейім екенін белгілі болып отыр.