Фото: qazdauiri.kz
Былтыр еліміздің көп бөлігін қарғын су басып, мыңдаған тұрғын үй-жайы, дүние-мүлкінен айрылған. Болжам бойынша су тасқынынан жалпы соммасы 300 млрд. теңге шығын келген. ҚР Президенті Қасым-Жолмарт Тоқаев өткен жылғы су тасқынын "көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат" деп атады. Биыл құзырлы мекемелер көктемде болатын қызыл суға дайын екендерін айтып отыр. Ал өңірлерді аралап, халықтың жағдайымен танысқан депутаттар Ult.kz тілшісіне аймақтардағы қарғын судың алдын алуға дайындық туралы әңгімелеп берді.
Батыс Қазақстан облысы тумасы, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтың пікірінше "мұндай су тасқыны бұрын соңды болмаған" деп ақталуды енді халық көтермейді, сондықтан да апаттың алдын алу шарасын жасау керек.
«Ертеңге күні сан соғып отырғаннан гөрі тиісті шараны қазір қабылдауымыз қажет. Мен арнайы құжаттардың барлығын алдым. Барлық әкімдер сабақ алды не алмады деп нақты айта алмаймын. Дейтұрғанмен де сабақ алғанын, иә алмағанын табиғи апаттың көлеміне қарап баға бергеннен гөрі, алдын ала әрекет жасаса ғой деген ойым бар», -дейді ол тілшімізге.
Депутат биылғы жылы да ғайыптан тайып былтырғыдай үлкен су апаты болса біздің облыстар дайын ба, жоқ па деген мәселе әлі ашық күйде қалып отыр деп есептейді.
«Өйткені тиісті бөлінген қаражаттарды көрдік және мен Үкімет өкілдеріне нақты сұрақ қойғанмын. Жылда сол ғой, бізде көктемгі су тасқынымен күреске қаражат бөлінеді және оның салдарымен күресуге қаражат бөлінеді. Мен күреске қаражат бөліп, бар күшімізді сол күреске жұмсайық деймін. Салдарына бөліп қоямыз құдды бір сол ақшаны біреу игеруі керек сияқты. Су басқан қалпы қарап отырамыз ба, жоқ па деген мәселе бар», -дейді Н. Сәрсенғалиев.
Ол елде ірі көлемде су тасқыны болуының бір себебі тиісті министрлік пен жергілікті атқарушы билік арасында жүйелі жұмыстың болмауы деп отыр.
Сонымен қатар депутат Жайық өзенінің жайылмаларында су алып кеткен саяжайлардың мәселесін, басқа жерге көшуге қарсы шығып, ата қонысын тастағысы келмеген тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселесін қозғады. Сондай-ақ ол қора-қопсыларға қатысты сұрақтарды шеше алғандарын айтты.
«Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиұлымен сөйлесе отырып, мынандай шешімге келдік: Халық келісетін болса барлық аулаларды типтік жоспарға кіргізіп, облыс бюджеті есебінен қаңылтырды қояйық та, қоршап берейікші дедік. Сол мәселені шештік. Екінші мәселе, бытыр 1 шілдеге дейін азаматтар ескі үйлерін бұзулары керек болды. Бірақ біз ауылдағы халықтың барлығы мал ұстайды, шөп қора, мал қора керек, халықтың түгі қалған жоқ дедік. Сондықтан да біз тиісті комиссиямен сөйлесе отырып, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін бір жылға "отсрочка" жасаттық. Яғни биылғы 1 шілдеге дейін олар ескі үйлерімен қора-қопсыларын бұзып алып, өздерінің жаңа үйлеріне жаң қора-қопсы салып алуға мүмкіндігі бар. Алдыңғы құрылыс материалдары өзігнің меншігі болып қалды», -деді ол.
Сәрсенбі күні Мәжіліс отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол бірнеше жыл бұрын әкімдік құзіретінен алынып бәсекелестік ортаға берілген коммуналдық қызметтердің осы күнге дейін науқаншылықпен іске асып келгенін айтты. Оның сөзінше былтыр елімізді болған алапат су тасқыны кезінде жергілікті әкімдіктерде не бір техника, тіпті қарапайым құрал-саймандар болмаған. Соның салдарынан тасқынның алдын-алу жұмыстары әлсіз ұйымдастырылды.
«Нәтижесінде қаншама елді мекен су астында қалды. Осы оқиғадан соң біз Үкіметке жергілікті атқарушы органның коммуналдық-шаруашылық саясатын ретке келтіру бойынша нақты ұсыныстарымызды жолдадық. Қазір өңірге депутаттар барған сайын, бірінші кезекте көтерілетін мәселе – әкімдердің қарауында қажетті коммуналдық ресурстардың болмауы. Бұл ретте, кез келген апаттық жағдай, әлеуметтік мәселе орын алса, таяқтың ұшы бірінші кезекте әкімдерге тиетінін білеміз. Шынтуайтында, қала және аудан әкімдерінің құзырында білім саласына да, денсаулық саласына да ықпал ету тетіктері қалмаған», – деді депутат.
Ал Ult.kz тілшісіне сұхбат берген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 2025 жылдың көктемі тыныш өтетініне сенеді.
«Бізге түсіп жатқан ақпарат бойынша қазірдің өзінде қандай аңғарлар мен қай жақтан қандай көлемде су келу қауіпі бар екендігі туралы су тасқынының карталары жасалып жатыр. Былтырғыға қарағанда қазір күнібұрын дайындықтар жасалып жатыр. Қар қалың емес. Бірақ қыстың ортасы жаңа болды. Былтырғының сабағын биыл алатын шығармыз», -дейді ол.
Жамбыл облысынан бір мандатты жүйе бойынша сайланған депутат Мұқаш Ескендіров тілшімізге өңірдегі көктемге дайындық туралы айтты.
«Біз өңірлерге барғанда жергілікті билік өкілдерімен жағдайды өзіміз де көрдік. Мен өзім Жамбыл облысынан болғаннан кейін қазірдің өзінде су қоймалары мен өзендерде су көп. Жергілікті органдар өзен арналарын тазалап көктемге дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын көрдім. Өзім Жамбыл облысын аралап көргендіктен айта аламын, қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мен өзім Су ресурстары және ирригация министрімен де кездестім барлығы өз жұмыстарын жүргізіп жатыр деген ақпарат бар. Сондықтан менің ойымша ертерек қамданғаннан кейін, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын», - дейді мәжілісмен.
Мұқаш Ескендіров әзірге Жамбыл облысы тұрғындарынан су тасқынына байланысты ешқандай шағым түсе қоймағанын жеткізді.
Су ресурстары және ирригация министрлігі өкілдерінің берген мәліметтері бойынша су тасқынына дайындық кезінде еліміздің 16 өңірінде жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді. Сондай-ақ, 6 облыстың 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары.
«Бұл 359 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», -деп отыр аталған министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Бұдан бөлек, мамандардың айтуы бойынша Қазақстанның батысындағы екі ірі су қоймасы ұзақ жылдан соң алғаш рет жөнделіпті, су ресурстары және ирригация министрлігі су тасқынына дайындық аясында 1502 гидротехникалық құрылысты тексеріп, Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасу жөнінде келісімге келген. Сонымен бірге Жапон сарапшылары Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты зерттеді және Қазақстанда су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған 2 жүйе әзірленіп жатқан көрінеді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева ақпан айының басында Қазгидромет су тасқыны бойынша алдын ала болжам беретінін, одан кейін су қоймаларынан су жіберу көлемі қосымша реттелетінін айтып отыр.
«Ал, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы су қоймалары суару маусымына керек суды жинау тәртібінде жұмыс істеуде. Осылайша, министрлік су ресурстарын қауіпсіз басқаруды қамтамасыз ету және ықтимал тәуекелдерді азайту арқылы су тасқыны кезеңіне дайындалу үшін барлық қажетті іс-шараларды алдын ала орындап жатыр», -деп мәлімдеді.
Былтырғы жылғы жағдайды сараптағанда мамандардың айтуынша Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Ақмола және Орталық Қазақстан облыстары су тасқыны қатері жоғары аймақтар болып есептеледі.