17 қаң, 2025 сағат 16:31

Қалың қалай, қазақ ауылы?

Фото: 365info.kz


Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің бюджеттік тәуекелдер мен қаржының 2056 жылға дейінгі ұзақ мерзімді тұрақтылығы жөніндегі талдамалық  есебін жариялады. Онда келтірілген мәлімет бойынша, Қазақстан ауылдарында 31 жылдан кейін халықтың небәрі 28,5%-ы ғана қалуы мүмкін.


«Болжам бойынша, 2030 жылға қарай халық саны 21,7 миллион адамға жетеді, оның ішінде: ерлер – 10,6 миллион, әйелдер – 11,1 миллион. 2040 жылға қарай халық саны 24,4 миллионға дейін өседі, оның ішінде: ерлер – 12 миллион, әйелдер – 12,4 миллион. Ал 2056 жылға қарай халық саны 29,7 миллионға жетіп, ерлер – 14,6 миллион, әйелдер – 15 миллион болады», делінген аталған құжатта. 

Осы орайда Ult.kz тілшісі қазақ ауылдарының қалын қарастырып көрді.

Жойылу қаупі бар ауылдар

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 6208 ауылдық елді мекен бар. Соңғы 5 жылда ауылдар саны 6341-ден 6208-ге дейін немесе 133-ке азайды. Мұның себебін ведомство 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiлетінімен түсіндірді. Сондай-ақ мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Алатау қаласына сол маңдағы 12 ауылдың біріктірілгені аталды.


Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 2-бабының 3-тармағына сәйкес халқының саны 50 адамнан аз шаруа қоныстары мен өзге де қоныстар ең жақын маңдағы елді мекеннің құрамына енгiзiледi. Мұндай АЕМ тұрғындары таратылған АЕМ-ге қоныс аудармай-ақ тұруын жалғастыра алады. Сонымен қатар Мемлекет басшысының жаңа Алатау қаласын құру туралы Жарлығына сәйкес Алматы облысында 12 ауыл Алатау қаласының құрамына енгізілген.


Иә, Қазақстанда ауылдар саны азайып барады. Былтыр Ұлттық экономика министрі үкімет отырысында елде кейінгі 10 жылда 582 ауыл жойылғанын айтқан-ды.


Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 6256 ауыл бар. Онда 7,6 миллион адам тұрады. Бұл ел халқының 38,4 пайызын құрап отыр. Экономист Бауыржан Ысқақов ауылдан адамдардың кетуі елдегі еңбек нарығына әсер етпей қоймайтынын айтты.


«Бүгінде ауылды жерлерге шикізат өндіретін, мал бордақылайтын, сүт өндіретін яғни тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпорындарға инвесторлар табылған жағдайдың өзінде іске аспайды. Себебі инвесторлар қаржы салуға дайын болса да, соны игеретін мамандардың тапшылығы байқалады. Жоғарғы білімді технологтар, аргарларды айтпағанның өзінде қара жұмыс істейтін азаматтардың жоқтығы ауылдан қалаға көшу процесінің кері көрінісі», — деді Бауыржан Ысқақов.

 

Көктемгі жайдың ауылға әсері

 

Ауыл санының қысқаруына көктемгі табиғи жағдайлардың да әсері бар. Мәселен, өткен жылы су апаты салдарынан көптеген ауыл-аймақ қалпына келе алмай, біраз әбігерге түсті. Атап айтқанда былтыр көктем айларында 10 облыста 11 865 үй зақымданған.


Кейбір ауылдар су қаупі бар аумақта орналасқандықтан, басқа аймақтарға көшірілген. Қазақстан ұлттық арнасының мәліметінше, қыркүйекте Қазақстан бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге 2500 үй салынған.

Ұлттық экономика министрілінің өткен жылғы есебі бойынша, Қазақстан ауылдарындағы халықтың 7,2 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүреді. Жалпы ауылдағы жұмыссыздық 4,7 пайыз болса, ал 33 пайызы жеке шаруамен айналысады.


Ауылдарда модернизация жүрмей, экономикалық мүмкіндіктер азайғаннан кейін халықтың бір бөлігі, әсіресе жастар жаңа мүмкіндіктер іздеп халық көп шоғырланған, жұмыс мүмкіндігі көбірек қалаларға көше бастаған.


Солтүстікке көш ауылды сақтай ала ма?


Солтүстікке қоныс аударушыларды қабылдаудың 2025 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді.

Сонымен, 2025 жылы өңірлік квота облыстар бойынша қоныс аударушылар үшін төмендегідей бөлінді:


Павлодар облысы – 3 050 адам,
Солтүстік Қазақстан облысы – 2 969 адам, 
Қостанай облысы – 535 адам,
Шығыс Қазақстан облысы – 372 адам,
Абай облысы – 255 адам, 
Ұлытау облысы – 125 адам, 
Қарағанды облысы – 38 адам.


Қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген адамдарға мемлекеттік қолдау шарасы көрсетілетін болады, атап айтқанда:


- көшуге субсидиялар – отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275 240 тг) бойынша біржолғы төлем;Яғни сіздің үйіңізде 10 адам болса,  сол он адамның ішінде еңкейген қарттан бастап,  еңбектеген қпртқа дейін осы ақшаны алады.  Бірақ,  бұл бір реттік қана көмек.  Және белгілі бір уақытта көшіп кетсеңіз  бұл қаржыны қайтаруға міндеттелесіз. 
- 12 ай ішінде бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке (58 980 - 117 960 тг аралығы) дейін төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін субсидиялар.( адам санына байланысты) 
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;( жұмысқа орналасу мәселесі,  сұраныс көзіне байланысты.  Егер сіз,  әдебиет пәнінің мұғалімі болып,  бір ауылға келсеңіз,  ол ауылда әдебиет пәніне вакансия болмаса — сіз жұмысқа кіре алмайсыз.  Сол себепті алдымен жұмыс көзін реттеп алып,  сосын барып көшкеніңіз жөн.) 
- тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру (тұрғын үй құнының 50%).


Солтүстікке көшті бастап, сол аймақтағы ауылдарды сақтап қалуды насихаттап жүрген азамат Бурахан Дақанов бұл бағдаралама мемлекет бағдармаласы болғандықтан, бағдарламаның жүруіне үкіметтік жұмыспен қапту орталығы және мансап орталықтары жауап беретінін алға тартты. 


«Мысалы,  Солтүстік,  Шал ақын ауданы Сергеевканың тұрғылықты адамы өз үйін сатайын деп,  үй бағасын 7 миллионға қоп қойса,  сол үйдің жарты баңасын үкімет өтеп береді.  Ал қалған ақшаны көшіп келушінің өзі төлейді. Тағы бір айта кететін жәйт.  Бұл бағдарлама мемлекет бағдарламасы.  Яғни,  бағдарламаның жүруіне үкіметтік жұмыспен қапту орталығы және мансап орталықтары жауап береді.  Егер толығырақ мәліметтер білгіңіз келсе сол жердің мамандарына барып сұраңыз.  
Дәл қазіргі уақыттарда,  үй бағасын толық өндіріп алу сынды алаяқтық іс әрекеттер көбейіп,  біршама көшіп келуші азаматтар сотқа тартылып жатыр.  Сол себепті бәрін заңды түрінде жасауыңыз сұралады.  Және де,  Оңтүстіктен Солтүстікке көш мәселесінде,  мен сіздерге үкіметтен ақша алуға көмектесем,  жақсы үй алып берем,  үйтем сүйтем тек біршама қаржы берсең болды деген "делдалдар" пайда бопты. Ондайларға алданып қалмаңыздар!! Егер ондайды байқасаңыз, бірден құзырлы органдарға хабарлауыңыз сұралады», деп жазды «Тәуекел» ұйымының негізін қалаушы  Бурахан Дақанов.

 

Ауыл шаруашылығының үлесі 

 

Ауыл шаруашылығы министрлігі жалпы өнімінің нақты көлем индексін 111,6% —ға дейін, тамақ өнімдерін өндіру – 105% -ға дейін, сусындарды өндіру – 109% -ға дейін ұлғайту жоспарланған. Өткен жылдың алғашқы 7 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,7% -ға ұлғайып, 2,1 трлн теңгені құрады. Бұл ретте, мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 103,7% -ға жетті және мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 1,7 трлн теңгені, өсімдік шаруашылығының нақты көлем индексі 104% немесе өнім өндіру көлемі 402,9 млрд теңгені құрады.


Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақмола облыстары ӘКК арқылы жеңілдікті кредиттеу бойынша белсенді жұмыс істеуде, осы мақсаттарға осы өңірлерде 75 млрд теңге көзделген. ҚазАгроҚаржы арқылы ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бойынша 62,7 млрд.теңге сомасына 2 298 бірлік ауыл шаруашылығы техникасына шарттар жасалды.


Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленді, оны іске асыру республикалық бюджеттен 372 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлуді талап етеді.


«Өткен жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетілген қаржыландыру көлемі рекордтық көрсеткішке — 580 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражат аграрийлерге тікелей кредит беру, пайыздық ставкаларды арзандату және форвардтық сатып алу үшін бөлінді. Нәтижесінде, еліміздің ауыл шаруашылығы саласында рекордтық астық жинау көрсеткіші тіркелді: орташа өнімділігі 16,1 центнер/га болғанда, жалпы 26,7 миллион тонна астық жиналды», — делінген ведомство таратқан мәліметте. 


Сондай-ақ, майлы дақылдар, картоп, көкөніс және қауын-қарбыз мол шықты. Жоғары өнімділікке агрономиялық технологияларды дұрыс қолдану, сапалы тұқымдар, минералды тыңайтқыштар мен тиімді өсімдік қорғау әдістерінің арқасында қол жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2025 жылдың көктемгі егістігі мен жинау жұмыстарына арналған қаржыландыру 2024 жылдың өзінде басталды.


Мұның бәрі өткен жылдың көрсеткіші болса, жаңа басталған 2025 жылдың жоспарында әлі талай атқарылуы тиіс жұмыстар күтіп тұр. 


Ақбота Мұсабекқызы


Оқи отырыңыз: Альфа буынды ығыстырған Бета-ұрпақтан не күтеміз?