08 ақп, 2021 сағат 19:01

Алматы облысында шектеу шаралары жеңілдеді

Алматы облысында өңірдің бас мемлекеттік санитария дәрігерінің кезекті қаулысы шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қабылданған құжатқа сәйкес, 11 ақпаннан бастап шектеу шаралары жеңілдейді.

Оның ішінде, мешіттерде намаз оқуға рұқсат беріледі. Бірақ мешіт залында 30% - 100 адамнан артық жиналуға болмайды. 

«Жұма намазы ауылды жерлерде ғана рұқсат етіледі, бірақ 150 орындық мешіттердің 25%-ы ғана толуы керек. Жексенбі күні сауда орталықтары, сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар, сауна, СПА-орталықтардың жұмыс істеуіне болады. Қоғамдық тамақтану орындарының (мейрамхана, дәмхана, бар, асхана) жұмысы жалғасады, бірақ 50 орыннан артық емес және ғимарат іші 50%-дан артық толмауы керек» делінген жарлықта. 

Сондай-ақ, қарбалас уақытта аялдама мен қоғамдық көлікте адамдар топтасып қалмас үшін мемлекеттік мекемелер, органдар мен ұйымдар еңбек заңнамасына сәйкес дифференциалық жұмыс кестесін енгізуі қажет. 

«Жұмысшыларының саны 250 адамнан асатын ірі кәсіпкерлік субъектілері, мемлекеттік мекемелер, органдар мен ұйымдар жұмыс уақыты біткен соң жолаушыларды тасымалдау үшін қызметтік автокөлік пайдаланғаны абзал» делінген өңірдің санитария дәрігерінің құжатында.