
Алматы облысының Ұйғыр ауданында шатыры опырылып ортасына түскен спорт кешенінің құрылысы әлі тоқтап тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ал құжат бойынша бұл нысан 2021 жылдың бірінші қаңтарында тапсырылуы тиіс болған. Қазір құрылысына 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тым-тырыс. Күзетшіден басқа ешкім жоқ.
«Қазіргі таңда техникалық негіздемесін күтіп отырмыз. Құлаған үшінші блок қайтадан тұрғызылады. Мұнан бөлек бірінші және екінші блоктардың іргесін күшейту жұмыстары жүргізіледі. Келтірілген шығындарды мердігер кәсіпорын өзі өтейді»,- деді Алматы облыстық Құрылыс басқармасының бөлім басшысы Аят Сәбитов.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бес ай бұрын Ұйғыр ауданында салынып жатқан спорт кешені опырылып құлады. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Тексеру барысында қателікті жобалаушылар да, құрылысшылар да жібергені анықталды. Мамандар шатырдың құлауынан 55 млн теңге көлемінде шығын келгенін айтады.
