06 мам, 2022 сағат 09:15

Алматы облысында аурухана басшысы туралы жазба жариялаған блогер жазаланды

Фото polisia.kz сайтынан

Алматы облысында блогер жала жапқаны үшін 20 күнге сотталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Дерекке сүйенсек, 39 жастағы ауылдық блогер әлеуметтік желіде Шелек ауылындағы емхана мен аурухана басшыларының бірі туралы жалған ақпарат таратқан. Хабарламада медицина қызметкері жергілікті тұрғындардың бірін ақшалай сыйақы үшін жұмысқа алғаны айтылған.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат резонанс тудырған. Кейін емхана жетекшісінің өзі ар-намысын қорғау туралы арызбен құқық қорғау және сот органдарына жүгінген.

"ҚР ӘҚБтК-нің 73-3-бабы 2-бөлігінде көзделген "Жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған, жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған мәліметтер тарату" дерегі бойынша жиналған материалды 4 мамырда сот қарады", - делінген хабарламада.

Сот қаулысы бойынша күдікті кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

Блогер бұл жазбаны бұрынғы әйелінің өтінішімен жариялағанын алға тартып, кінәсін мойындамаған. Сот қаулысын орындау Шелек ПБ қызметкерлеріне жүктелген.