25 сәу, 2022 сағат 15:15

Алматы облысында 9 жасар бала итке оңбай таланды - видео


Көрнекі фото: Pixabay.com 

Алматы облысы Жамбыл ауданында мектеп оқушысы итке таланды. Бет-ауызы қан-жоса баланың анасы ауылдастарынан иттің иесін табуға көмек сұрап, желіге видео жариялаған. Қазіргі таңда бала анасымен бірге Алматы қаласындағы №1 балалар ауруханасында ем алып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ақсеңгір ауылында болған жағдай туралы видео kris_p_uzynagash паблигінде жарияланды. Итке таланған бала түрлі дене жарақатын алған.

Желідегі фотодан баланың әсіресе басының самай тұсы мен көзіне қатты зақым келгенін байқауға болады.

Аталған видеодан мәлім болғандай, итке таланған баланың анасы әкімдіктен бұл істі жылы жауып қоя салмауын сұраған.

Бұған қатысты KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Әкімдік өкілінің хабарлауынша, жазатайым оқиға 22 сәуір күні кешкі сағат жетіде орын алған.

"Бұл жағдай Ақсеңгір ауылы, Атажұрт көшесі 29 үйдің ауласында болған, ал аталған тұрғын үйдің ауласы қоршалмаған. Бос жүрген иесіз ит 9 жастағы Халифа Шәріпжанды тістеп алған.

Бала жедел жәрдеммен кезекші бөлімге жеткізілді, онда алғашқы көмек көрсетіліп, одан әрі Алматы қаласындағы №1 балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта анасымен бірге. Дәрігерлер баланың жағдайы тұрақты екенін айтты. Бала ақылы бөлімде ем алып жатыр. Ақсеңгір ауылының тұрғындары, еріктілері көпбалалы отбасына көмек қолын созып, ұйымшылдық танытуда", - дейді әкімдік өкілі.

Жамбыл ауданы әкімдігі баланы талаған ит 23 сәуірде құрықталып, Ұзынағаш ауылының ветеринарлық станциясына тоғытылғанын жеткізді.

Сонымен қатар, Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов Халифаның еміне қаржылай көмектесуге ниет білдіріп отыр.

Айта кетсек, әкімдік ұсынған мәліметке сәйкес, биыл ауыл тұрғындарынан қаңғыбас иттерге қатысты бірнеше жазбаша өтініш келіп түскен. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Жамбыл ауданы бойынша 469 ит, аталған оқиға болған Ақсеңгір ауылында 30 қаңғыбас ит ауланған.