
Алматы облысындағы шаруа қожалықтардың бірінен табылған арыстан Алматы қалалық зообағына жеткізілді. Оған Джума деген ат қойылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраеваның айтуынша, арыстанды Алматы зообағына беру мәселесі, белсенді азаматтардың арқасында шешілді.
«Әрине, жабайы жануарлардың орны табиғатта. Біз олардың хайуанаттар бағында болуын құптамаймыз, бірақ дәл осы жағдайда басқа амал жоқ. Алматы зообағы арыстанды қабылдады. Шаруа қожалықтан табылған арыстан Симбаның қаумалына орналастырылды. Ол үшін Халықаралық қар барысы қорына (Snow Leopard Foundation) алғыс айтамыз. Әрине, арыстанның өзінің қоршауы мен тамағы болу керек. Ол айтарлықтай қаржыны талап етеді. Осы орайда көмек қолын созған Санжар Боқаев пен Руслан Жемковке рахмет айтамын. Бұл азаматтар арыстанның тамағына краудфандинг арқылы қаражат жинау шарасын ұйымдастырды. Арыстанды тамақтандыру үшін күніне 10-15 келі ет қажет. Бұл қаражат зообағы жануарды өз балансына қабылдағанға дейін қажет болады, бұл кем дегенде 3-4 айға созылады», - деді Самал Ибраева.
Оның айтуынша, Алматыдағы жануарларды қорғау қорының мүшесі Наталья Сульжик арыстанды құтқаруға барын салған. Ол Санжар Боқаевпен бірге Алматы зообағының әкімшілігімен шұғыл түрде келіссөздер жүргізіп, орналастыру мәселесін шешті.
Өз кезегінде Наталья Сульжик Facebook-тегі парақшасына зообақта түсірілген видеоны салды.
«Арыстанның аты – Джума. Алматы зообағы арыстанды қабылдады. Алайда, бір шарт қойды. Алдағы уақытта оған Симбаныкі сияқты қоршау салып беру қажет. Әзірге бізге ескі жазғы қоршауды қалпына келтіруді ұсынды. Келесі жылдың қысына дейін жаңа қоршау қажет болады», - деп жазады Наталья.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматы облысында шаруа қожалығы иесінің арыстан асырап жатқаны анықталған болатын. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 ақпан күні Талғар ауданының полиция басқармасына хабарлама келіп түскен. Ол жерде Бесқайнар ауданындағы шаруа қожалықтың бірінде арыстан бар екені хабарланған. Тәртіп сақшылары шағым бойынша белгіленген мекенжайды тексеруге барғанда ақпарат расталған.
