06 там, 2022 сағат 12:18

Алматы облысы тұрғындары республикалық маңызы бар тасжолды жауып тастады


Алматы облысы Қарасай ауданы Жамбыл ауылының тұрғындары шұрық-тесік жолға наразылық білдіріп, республикалық маңызы бар тасжолды жауып тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жамбыл ауылы "Алматы-Нұр-Cұлтан" тасжолы бойында орналасқан. Күн сайын мұнда жүздеген жеңіл және жүк көлігі өтеді. Тұрғындардың айтуынша, "Бейбітшілік" көшесі ұзақ уақыт бойы жөнделмеген.

"Көктем мен күзде бұл жерден өте алмайсың. Жедел жәрдем де, такси жүргізушілері де жете алмайды. Жол нашар болуына байланысты өзімізге де, балаларға да бірнеше рет аяқкиім сатып алуымыз керек. Әкімдік әрекет етпей отыр, бұл наразылық белгісі - жергілікті билік үшін ескерту", - дейді ауыл тұрғындары.

Жамбыл ауылы әкімдігі өкілі көшені жөндеу жобасы дайын екенін айтты. Алайда қаражат әлі бөлінбеген.

"Тасжолдаы жөндеуге бюджет қаражатын бөлу үшін жобалау-сметалық құжаттама қажет. Себебі ол құжат жөндеу жұмыстарының түрі мен құнын анықтайды. Бүгінде Жамбыл ауылы "Бейбітшілік" көшесінің құжаты дайын. Сол бойынша бюджеттік өтінім Алматы облысының кезекті сессиясының мәслихатына жіберіледі. Тиісті қаражат бөлінгеннен кейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі", - деді жергілікті әкімшілік қызметкері.

Ал ауыл тұрғындары оқу жылы басталғанға дейін көшені жөндеуді талап етіп отыр. Олай болмаған жағдайда, "Алматы - Нұр-Сұлтан" тасжолын бір тәулікке жабуға ниетті.