27 қаң, 2021 сағат 12:46

Алматы мектептері жыл соңына дейін бейнекамерамен толық қамтылады

Алматы мектептері жыл соңына дейін бейнекамералармен қамтылатын болды. Бұл туралы Алматы қаласы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Ермекбаева онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Спикердің айтуынша, 2021 жылдың қаңтарынан «Білім беру жүйесін тексеру барысында тексеру парақтары мен қауіп дәрежесін бағалау критерияларын бекіту» туралы заң күшіне енді.

Құжатта білім беру ұйымдарында бейнекамералардың болмауына байланысты жауапкершілік қарастырылған.

«Бейнебақылаудың болмауы өрескел ереже бұзушылыққа жатады. Қазіргі таңда қалалық Білім басқармасының хабарлауынша, 207 жалпы білім беретін мектеп пен 15 интернатты кешенді бақылау жүйесімен қамту жобасы жүзеге асырылуда. Техникалық міндеттер бойынша жұмыс жасалып, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне талқылауға жіберілді»,- деді ол.

Оның айтуынша, техникалық тапсырыс нәтижесінде Цифрландыру басқармасы жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын қаражатты есептейді.

«Басқарма берген ақпаратқа сәйкес, Алматыда 11 221 камера мен таса аймақтарға 4990 камера керек екен. Мектептерде қазірдің өзінде 7430 камера бар», - деді ол. 

Гүлнар Ермекбава жобаның биыл жүзеге асатынын айтты.

«Биыл бейнекамералар түгел орнатылуы тиіс. Себебі, бірінші кезекте бұл балалардың қауіпсіздігі және мектептердің аттестациясы», - деді басқарма өкілі.