27 жел, 2019 сағат 18:38

Алматы маңындағы ұшақ апатынан білікті дәрігер көз жұмды

Алматы маңындағы ұшақ апатынан Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушы Арман Исина қаза болды. Бұл жайында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан медицинасы ауыр қайғыны басынан өткеруде. Әріптесіміз, акушер-гинеколог Арман Исина қаза тапты. Ол Қазақстандағы Ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша ұлттық жаттықтырушы болатын. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарына созылмалы инфекциялық емес ауруға шалдыққан пациенттерді халықаралық талаптарға сәйкес емдеу тәсілдерін үйретіп жүрген еді», - деп жазды ол.

Министр дерегінше, Арман Исина Қарағанды мемлекеттік медицина институтын бітірген. Еліміздегі әртүрлі денсаулық сақтау ұйымдарында, атап айтқанда Денсаулық сақтау министрлігінде және халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеді.

«Бұл барлығымыз үшін, әсіресе, әріптесіміздің отбасы үшін өте ауыр және орны толмас қайғы. Еліміздегі бүкіл дәрігердің атынан Арман Исинаның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.