11 мам, 2022 сағат 18:42

Алматы көшелерін су басты - видео

© Photo: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бүгін түстен кейін жауған нөсер жаңбырдан кейін қаланың төменгі жағында орналасқан аулалар мен көшелерді су басты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Коммуналдық қызметтер бітеліп қалған арықтарды тазалауға кірісті.

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, су басу жағдайларын барынша азайту мақсатында мердігерлік ұйымдардың кезекшілігі ұйымдастырылды. Ал суды бұру және сору жұмыстарына мобильді топтар тартылып отыр. Барлығы 609 адам, 252 арнайы техника мен 24 мотопомпа шығарылды. Бұдан бөлек, 2 050 қап құм дайындалды.

Photo: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Қазгидрометтің болжамы бойынша бүгін түнде ара-тұра қатты жаңбыр жауады, алдағы үш тәулік жауын-шашынды болады", - дейді әкімдік мамандары.

Ал төтенше жағдайлар департаменті таулы жерлерді бақылау шараларының күшейтілгенін хабарлады. Себебі сел жүру қаупі бар.

"Бүгін сағат 15:00-ге дейін Алматы қаласында ауланы су басу мәселесі бойынша екі рет хабар түсті. Райымбек даңғылы, 234 мекенжайы бойынша орналасқан үйлер, сондай-ақ Әйтиев көшесі, 8 және 6 мекенжайына құтқарушылар шақырылды", - деп атап өтті департамент мамандары.