
Алматы дәріханаларына түсетін әлеуметтік маңызы бар дәрілердің көлемі қысқарған жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қаланы дәрі-дәрмекпен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының стационарларына, емханалары мен дәріханаларына апта сайын мониторинг жүргізіліп тұрады.
Бүгінгі күні, коронавирус инфекциясын емдейтін препараттар жеткілікті. Шамамен 90%-ды құрайды.
«Дәрі-дәрмек құралдарын сатудан алып тастау туралы ешқандай нұсқау болған жоқ және болуы мүмкін емес. Себебі дәріханалар бизнестің тәуелсіз субъектісі. Бұдан басқа, қала әкімдігі дәріхананы әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдармен толықтыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады», – деді Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.
Қала дәріханаларына дәрі-дәрмек препараттарын жеткізу тұрақтандыру қоры қаражаттарының есебінен жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта, жоспарланған 40,1 млн дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 47,2 млн (118%) жеткізілді. 23,4 млн сатылды, қолдағы бары 23,8 млн.
Осылайша, қала дәріханаларында медициналық препараттың екі айлық қоры қалыптастырылды.
