04 қар, 2020 сағат 13:52

Алматы әуежайында жолаушы полицейден таяқ жеді

Алматы көліктегі полиция департаменті мас жолаушыны ұрған полиция қызметкеріне қатысты түсініктеме берді. Әуежайда болған төбелестің видеосы әлеуметтік желіде таралды.

Қалалық Көліктегі ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 2 қарашада болған. 

Алматы әуежайындағы полицияның желілік бөліміне «FlyArystan» компаниясының қызметкерлерінен хабарлама түскен. 

Қызметкер Алматы - Қостанай бағытында ұшатын 8-гейтте мас адамның шу көтеріп жатқанын айтқан.

«Тексеру барысында полиция қызметкерлері 36 жастағы ер адамды ұстады. Кезекші бөліміне жеткізілген соң да жолаушы дөрекілік танытты. Балағаттап, қарсылық көрсетті. Сондықтан, полиция қызметкері оған күш көрсетуіне тура келді. Медициналық куәландырудың нәтижесінде ол орта дәрежеде мас екені анықталды», - деді ПД.

Жолаушыға қатысты ҚР ҚК 378-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.

Ал бүлік шығарған адамды ұстауда дөрекілік танытқаны үшін полиция қызметкері А. Елеусізов ішкі органдағы қызметінен қуылды. 

Сонымен қатар, желілік полиция бөлімінің 8 лауазымды тұлғасы тәртіптік жазаға тартылды.