Алматы қаласы әкімі аппаратының басшысы Асат Нұрпейісов мәслихат сессиясында әкімдіктің бірнеше басқармаларын қайта құру және атауларын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұйымдарда еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету, қызметкерлердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында еңбек инспекциясын бөліп, әлеуметтік қорғау бөлімін қайта құру ұсынылады. Сондай-ақ, функцияларды Қоғамдық даму басқармасына бере отырып, Шығармашылық индустрия басқармасын Жастар саясаты мәселелері басқармасы деп атау керек. Бұл ретте шығармашылық салаларды дамыту функционалы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына беріледі, - деді Асат Нұрпейісов.
Сондай-ақ ол бюджеттік жоспарлау мен экономиканы дамытудың тиімділігін арттыру мақсатында жобада стратегия мен бюджет бөлімін қаржы бөлімі мен шаруашылық бөліміне бөлу арқылы қайта құру қарастырылғанын қосты.
«Жобада энергия тиімділігін арттыру және инфрақұрылымды дамыту басқармасын - Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы, тұрғын үй саясаты бөлімін - коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы, жасыл экономика бөлімін - экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті, Жайлы ортаны дамыту басқармасын - Құрылыс басқармасы, Қоғамдық денсаулық басқармасын - Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы деп өзгерту көзделген», - деді ол мәслихат сессиясында.
Барлық депутат жобаны қолдап дауыс берді.
Алматы қаласын басқарудың жаңа құрылымы жобасы мақұлданды.
Өзгерістерді 2022 жылдың 1 мамырына дейін енгізу жоспарланып отыр.