Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есепті кездесуінде қала әкімдігі әлеуметтік маңызы жоғары бағыттағы маршруттарды субсидиялауды тоқтатпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің басты мақсатымыз - жол ақысының тарифін көтеруге тосқауыл қою. Сондықтан 2021-2022 жылдары орта есеппен жол ақысы 200 теңге болған кезде 154 әлеуметтік маңызы бар маршрутқа 40 млрд теңге субсидия бөлінеді», - деді Бақытжан Сағынтаев.
2019 жылы осы бағытта 23,1 млрд теңге субсидияланған. 2020 жылға 24,2 млрд теңге бөлінді. Олардың ішінде жеңілдікпен жүретін жолаушыларға 4 млрд теңге жұмсалады.
Әкімдіктің хабарлауынша, қоғамдық көлікті жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.
2019 жылы 450 жаңа автобус сатып алынса, 190-і жекеменшік автопарктерге тиесілі.
Қалалық автобус паркі 92%-ға жаңарған.
2020 жылға таман 401 автобус сатып алынады. Әсіресе газбен жүретін әрі электробустарға басымдық берілмек.
2019 жылы 10 электроавтобус жолға шықса, биыл тағы 17 автобус пайдалануға беріледі.