Алкоголь адамды коронаровирус инфекциясының таралуы мен жұқтыруынан сақтай ала ма? Бұл сұраққа Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты күндізгі стационар меңгерушісінің міндетін атқарушы, терапевт дәрігер Гаухар Қожакеева жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Адам ағзасына алкогольдің келтіретін зияны туралы тақырып әр кезде өзекті. Бүкіл әлем COVID-19 пандемиясынан зардап шегіп отырған қазіргі уақытта бұл тақырып маңыздылығын жоғалтпады. Адамдардың жекелеген топтары арасында спирт пен алкоголь коронавирус инфекциясынан сақтай алады деген пікір қалыптасуда. Бұл пікірлер инфекция кезінде қолды, қолмен ұсталатын заттарды спирт ерітіндісімен немесе құрамында спирті бар майлықтармен тазалау қажеттігі туралы нұсқауларға сүйене отырып, алкоголь ішімдіктерін қабылдаған да дұрыс деген ойға негізделіп отыр.
Бірақ Гаухар Қожакееваның айтуынша, аталмыш індетті емдеуде алкоголь тиімді деген пікірлер қате.
«Спиртті ерітінділер және құрамында спирті бар майлықтар спирттің әртүрлі сұйықтықтар мен майларда жақсы еріп кету қасиетінің болуынан заттарды тазалау үшін пайдаланылады. Сондықтан, оны пайдалану қорғанудың басқа шараларына қарағанда тиімдірек. Спирттің көмегімен қолмен ластанған, яғни теріден бөлінетін, құрамында майы бар заттар жақсы тазаланады. Майлар микроорганизмдердің таралуына қолайлы орта болып табылады. Сондықтан да теріден бөлінетін майлар спиртте тиімдірек ерітілетін болғандықтан, түрлі медициналық манипуляциялар жүргізу кезінде спирт теріні майлықтармен залалсыздандырылады.
Бүгінде қауіпті инфекцияны жұқтырудан қорқу жағдайында кейбір адамдар алкоголь өнімдерін сатып ала бастады.
«Халық емі» деп аталатын әдістерде көбіне аздаған спирт қолданылады. Алайда олардың құрамы бірнеше компоненттен тұрады. Бірақ таза күйіндегі алкоголь адамды коронаровирус инфекциясының таралуы мен жұқтыруынан сақтай алмайды», - дейді дәрігер.
Г.Қожакеева спирттің жоғары концентрациясы және жоғары дозасы вирустарды жоя алатындығын жоққа шығармайды. Алайда бұл ішімдікке құмарлықты тудыра отырып, адам үшін қауіпті болатындығын естен шығармаған жөн.
«Осының салдарынан, тіпті адам өлімі болуы ықтимал. Коронавирус симптомдары ағзаның қатты улануына әкеледі. Ал ішімдікті пайдалану осы процесті ушықтыруға және ағзаның сауығып кетуіне кері әсерін беруі мүмкін. Алкогольдің жартысы өкпе арқылы шығарылады және кез келген инфекцияда, оның ішінде коронавирус инфекциясында, әсіресе онымен қоса шылым шегілетін болса, керісінше – аса қауіпті .
Осы кеңес үй карантинінде жатқан адамдарға арналған, себебі халықтың бұл бөлігі де қазіргі кезде аса осал болып отыр. Алкогольді пайдалану жүрекке қосымша ауырлық түсіреді. Бұл, адам денсаулығы үшін, оның ішінде жүректің тоқтап қалуына әкеліп соқтыратын қауіпті фактор. Сонымен қатар алкоголь бактериялар мен вирустардың таралуына қолайлы ортаны қалыптастырады, ағзаның түрлі ауруларға қарсы тұруын азайта отырып, иммунитетті әлсіретеді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай отырып, алкоголь коронавирус инфекциясынан қорғай алмайтындығын және олардың адамның сауығуына әсер етпейтіндігін айтқымыз келеді», - дейді медицина маманы.
Сондай-ақ дәрігер түшкіру, тамақтың ауруы және жыбырлауы, құрғақ жөтел, мұрынның бітуі, дененің ауыруы, дене қызуының жоғарылауы, тыныс алудың қиындау белгілері пайда болған жағдайда шұғыл түрде дәрігер шақыруға кеңес берді.