27 ақп, 2019 сағат 10:52

Әлібек Шегебай - Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы

25 ақпан күні Түркістан облысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет және облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаевтың қатысуымен зиялы қауым өкілдерінің басқосуы өтті.

Жиында Жазушылар одағының Түркістан облыстық филиалының директоры болып белгілі ақын Әлібек Шегебай, ал Шымкент қалалық филиалының директоры қызметіне жазушы Шойбек Орынбай тағайындалды. 

 Айта кетсек, Әлібек Шегебай 1974 жылы 11 наурызда дүниеге келген. Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "Журналистика" факультетінің түлегі. 1997 жылы М. Әуезовтың 100 жылдығына орай ҚазҰУ-да өткен республикалық студент жастардың жыр мүшайрасында бас жүлдені жеңіп алады. Содан бері де бірнеше жыр бәйгелерінде жүлделі орындарды иемденді. 1998 жылы Республикалық «Жалын» журналында жарық көрген өлеңдер топтамасына Т. Айбергенов атындағы сыйлық берілді. 2002 жылғы Астана қаласында өткен Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Шығармашылықтағы жетістіктері үшін 2004 жылы Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты атанды. 2016 жылғы Халықаралық «Ататүрік» медалінің иегері. 2001 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Бірнеше жыр жинақтарына өлеңдері енген. «Алакеуім», «Әйнекке түскен Ай сәуле», «Ақ қауырсын», «Ақ жауын» атты өлең кітаптарының авторы.

Бұған дейін "Қазақ әдебиеті" газетінде жауапты хатшы қызметін атқарды.

Ал, Орынбай Шойбек 1953 жылы 7 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, «Социализм» ауылында дүниеге келген. 

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Көкшетау, Оңтүстік Қазақстан облыстық газеттерінде, облыстық әкімшілікте жауапты қызметтер атқарған. Біраз уақыт республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, тәуелсіз «Ар» газетінің Бас редакторы болған. Қазір «Ғасыр Ш» баспасының директоры.

 

1986 жылы «Жалын» журналы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген шытырман хикаяты үшінші орынды, 1995 жылы «Жалын» баспасы жариялаған дәстүрлі бәйгесінде «Әміршінің әлегі» атты повесі бас жүлдені иеленген.

Алғашқы туындылары «Арман қанатында», «Сарыағаш саздары» ұжымдық жинақтарына енген. Содан бергі уақытта «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ», «Әміршінің әлегі» повестері мен әңгімелері, «Қайғы заман немесе Төле би тағдыры» роман-дилогиясы, т.б. жеке кітап болып шыққан. 

2003 жылы шындық деректерге негізделген «Түрмеге түспейтіндер» атты детективті романы жарық көрді. 1999 жылы облыс әкімінің «Алтын қауырсын» жүлдесін, 2001 жылы «Жылдың үздік жазушысы» атағын иеленді.