12 мау, 2025 сағат 13:43

"Алғыстың орнына сотқа талап арыз алды": Бақытжан Базарбек сотта жеңіп шықты

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек медицина саласындағы заң бұзушылықтарды көтергені үшін сотқа тартылып, жеңіп шықты. Бұл туралы адвокат Бақтияр Ғалымжанов мәлімдеді деп хабарлайды Ult.kz.

"Кеше, 2025 жылы 11 маусымда мен және адвокаттар Бауыржан Амитов, Мұрат Мұталиев, Мәди Көшікбаев Қазақстан Республикасы Мәжілісінің халық депутаты Бақытжан Базарбекті сотта қорғап, заңды тұлғаның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтің таралғанын тану және оны қорғау туралы істе жеңіп шықтық", - деп мәлімдеді адвокат.


 Бақтияр Ғалымжановтың сөзінше сот талапты қанағаттандырудан толық бас тартқан. Ол Бақытжан Базарбек медицина саласындағы заң бұзушылықтарды зерттеп, көтергені үшін сотқа тартылғанын айтып отыр.

"Бұл шын мәнінде маңызды жеңіс, өйткені мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғауда сөз сөйлеген, медициналық саладағы заң бұзушылықтар тақырыбын зерттеп, көтерген, сол үшін алғыс немесе марапат алудың орнына сотқа талап арыз алған халық өкілінің, Базарбек Бақытжанның құқықтары қорғалды", - деп отыр ол.


Адвокат бұл жеңіс сөз бостандығын, заңдылықты, құқықтық тәртіпті, сыбайлас жемқорлық пен асыра пайдалануға қарсы күресті, халықты, қоғамды және халық қалаулыларын, депутаттарды негізсіз арыз шағымнан қорғауды одан әрі дамытуға өз үлесін қосатынына сенімді.

"Менің ойымша, сот депутаттарға қатысты олардың кәсіби қызметіне тікелей байланысты істер бойынша талап қоюдың орны да, тәсілі де емес, сот, ең алдымен, азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғауға арналған орган!!! Менің ойымша, депутаттық иммунитет тек қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге ғана емес, сонымен қатар біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздағы сыбайлас жемқорлықты, қылмыстар мен заңсыздықты жою бойынша өзінің "қасиетті соғысын" жүргізуді Бақытжан Базарбек сияқты адал және принципшіл депутаттардың қамтамасыз етуі үшін депутаттың қызметіне байланысты кез келген талап-арыздарға да таралуы тиіс!!!", - деді адвокат Ғалымжанов.


Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек өзінің үстінен медицина ұйымдары сотқа арыз түсіргенін бұқаралық ақпарат құралдарына айтқан. Жоғарғы аудиторлық палатаның үкіметтік сағатында депутат МӘМС-ке байланысты өзі білетін фактілерді көрсеткен. Соған келіспеген медицина ұйымдары сотқа арыз берген.

Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек жер, су және экология мәселелеріне ерекше назар аударады. Қоғам белсендісі елдегі жайылымдық жерлердің әділ бөлінуін қамтамасыз етуге күш салып келеді. Ол құрамында жұмыс істейтін «Жер аманаты» комиссиясы арқылы мемлекетке қайтарылған жерлердің нақты мақсатта пайдаланылуын талап етеді, су тапшылығы мәселесіне байланысты алаңдаушылығын ашық білдіріп жүр.