Алғыс айту күні – ол қазақ халқына сый-құрметтің нышаны. Бұл туалы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Вакиль Набиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көктемнің алғашқы күнінде мағынасы терең Алғыс айту күнін атап өтеміз. Бұл мерекелік датаны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнді негізге алып бастамашылық етті. Бұл тұрғыда барша этностар бір-біріне және қазақ халқына алғыс айтады. Қазақ халқы өзінің мейрімділігімен өзге ұлт өкілдерін жақынындай қабылдағанын барлығы ұмытпайды. Сондықтан аталған мереке Қазақстан халқы мейрімділігінің, достықтың әрі бауырмалдықтың айқын көрінісі. Елге тұтас этностар жер аударылғанын, оларды вагондардан жазық далаға түсіріп кеткенін бәріміз білеміз. Ал онсыз да қиын жағдайдағы қазақ отбасылар сол кезде жер аударылғандарды үйлеріне кіргізіп, барынша қолдау жасап келді. Аталарымыз сол нәубет жылдардағы барлық ауыртпалықтарды жиі еске алатын», - деді В. Набиев.
Осы орайда депутат Алғыс айту күнін атап өту мақсаттарының бірі өскелең ұрпақты төзімділікке, сыйластыққа, сондай-ақ елдегі бейбітшілік пен келісімге тәрбиелеуге бағытталғанын атап өтті. Сондықтан бұл датаның терең мағыналық мәні бар.
«Алғыс айту күні – ол өз еліңе, жеріңе, қазақ халқына ерекше құрметтің белгісі. Осы мереке этностар басынан өткерген ауыртпалықты, бірлігімізді жастарға түсіндіруге ықпал етеді», - деді В.Набиев.
Оның айтуынша, Алғыс айту күні қарсаңында ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Жарасым» ұйымы, этномәдени бірлестіктер жастары мерекелік іс-шараларды өткізуге белсенді түрде қатысады.