Ақтөбелік тұрғынды әлеуметтік желіде алдап, ақшасын жымқырған жігіт ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күдікті Айнұр деген атпен жалған профиль ашып, әлеуметтік желі арқылы жәбірленушімен байланысқа шыққан. Екеуара танысып, араласып, кейін алаяқ жәбірленушіден түрлі себептермен қарызға ақша алып отырған. Осылайша екі ай ішінде 26 жастағы жігіт үш млн теңге ақшасынан айырылды.
"Полиция қызметкерлері 27 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Жас жігіт бұл әрекетін мойындады, ол әлеуметтік желіде жалған қыздың атын пайдаланып, профиль ашып, әртүрлі сылтаулармен жәбірленушіден қарызға ақша сұрағанын айтты. Ұсталған азаматтың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы мүлкін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді" - делінген хабарламада.