20 қар, 2019 сағат 19:41

Әлеуметтік зерттеу: «Nur Otan» партиясының халық арасындағы беделі артып келеді

«Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Халық Nur Otan партиясынан не күтеді?» тақырыбында әлеуметтік зерттеу жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинскаяның айтуынша, қараша айында жүргізілген зерттеуге 1700 респондент қатысқан. Онда қазақстанның 14 өңірі мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары қамтылған.

«Nur Otan» партиясының жұмысын жандандыру бастамасына халық үлкен қолдау білдірді және партия мән беруі тиіс 5 маңызды жұмысты атап көрсетті. Олар – халықпен диалог орнату, адамдардың нақты мәселесін шешу, сыбайлас жемқорлықпен күрес, қарапайым адамдарды сайлауға шығару және олардың бастамаларын қолдау. Соңғы 3 айда «Nur Otan» партиясы осы бағыттарда жұмыс істеген болатын», - деді Юлия Кучинская елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Әлеуметтік зерттеу қатысушыларының 61% «Nur Otan» партиясы сайлау алдында берген уәделерін орындап келеді деп есептейді. Одан бөлек, «Жеке құқығыңызға қысым жасалса, қайда жүгінесіз?» деген сұрақта «Nur Otan» партиясы 27% көрсеткішпен екінші орында тұр.

«Яғни, бұл партияның азаматтар өмірінде елеулі рөл ойнайтынын, олардың нақты мәселелерін шешіп жатқанын көрсетеді. Азаматтардың 49% партияның қарапайым халық мүддесін шешеді деп есептейді. Үш ай бұрын партия жұмысын қайта жандандыру басталғанда, бұл көрсеткіш 40-тан төмен, 36% ғана еді. Оның үстіне, партия өзінің барлық жобаларын қайта қарап, нақты әлеуметтік топтардың мәселесін шешуге бағытталған жобаларды ғана қалдырған еді. Оның жарқын мысалы – Балалар құқығын қорғау кеңесінің жұмысы. Кеңес жұмысының арқасында бірқатар өңірлерде заңбұзушылықтар анықталды. Балаларға қатысты мәселелер Үкімет деңгейіне шығарылып, шешімін тапты», - деді институт басшысы.

Қатысушылар атаған тағы бір өзекті мәселе – сыбайлас жемқорлықпен күрес. 2015 жылы «Nur Otan» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы қабылданған.

«Биыл бағдарламаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру мерзімі аяқталады. Қазір келесі кезеңнің Жол картасы әзірленіп жатыр. Партия жұмысын қайта жандандыру аясында жемқорлықпен күреске жауапты Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспары жаңартылды. Олар орталықта және өңірлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тыңдаулар мен талқылаулар өткізеді. Яғни, халық арасындағы өзекті мәселелерді талқылауға шығарып, жауапты органдардағы партия мүшелерінен мәселені шешуді талап етеміз. Одан бөлек, партия мәслихаты депутаттарына ұсынымдар жібереді, әрі қарай депутаттар мәселені шешеді», - деді Юлия Кучинская.

Соңғы үш айда партияның тәрібін бұзғаны үшін және сыбайлас жемқорлық пен партия имиджіне нұқсан келтіргені үшін 100 адам партиядан шығарылды. Қазір Партиялық бақылау комитеті белсенді жұмыс істеуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «қауырт желі» ашылды. Тұрғындар хабарласып, арыз-шағым қалдыра алады немесе өз мәселесімен жүгіне алады.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінің маңызы арта түсті. Әлеуметтік зерттеу қорытындысына сәйкес, азаматтардың 75% партияның қоғамдық қабылдауы туралы білетінін, 22% - қоғамдық қабылдауға жүгінгенін және 15,9% – партия көмегімен өз мәселелерін шешкенін айтқан. Партияға 1 шілдеден бері барлығы 70 мың адам жүгінген, 51 мың азаматтың арызы келіп түсіп, олардың 40% бойынша оң шешім қабылданған. 52% бойынша түсіндірме беріліп, қалған 8% партия бақылауда ұстап отыр.

Орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары жүйелі түрде қабылдау жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде 16 мың қабылдау өткізіліп, 37 мың адамның мәселесі тыңдалды. Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдері 120-дан астам қабылдау өткізді. Ал барлық деңгейдегі мәслихат депуттары 4300-ге жуық қабылдау жүргізді. Партиялық бақылау комитеті азаматтарды қабылдау, олардың арыздарымен жұмыс істеу мәселесін тұрақты бақылауына алды.

Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 54,8 пайызы өз өңірлерінде «Nur Otan» партиясының белсенділігі артқанын атап отыр. Олардың үштен бір бөлігі соңғы 6 айда «Nur Otan» партиясының жұмысы жақсарды деп есептейді. Өңір тұрғындары сауалнамада саяси ұйымның аймақтардағы беделі артқанын атап өтті. Осылайша, партияның электоралды рейтингі 10 пайызға артып, 65,8% құрады.

Зерттеу соңында қатысушылар «Nur Otan» партиясы мән беруі тиіс өзекті мәселелерді атады. Олардың қатарында еңбекақыны көтеру, ең төменгі күнкөріс деңгейін өсіру, сыбайлас жемқорлық, білім беру мен медицинадағы түйткілдер және әлеуметтік теңсіздік мәселелері бар. Одан бөлек, ірі қала тұрғындары экология мен жұмыссыздықты жиі көтерген.