10 мау, 2025 сағат 11:41

Әлемге әйгілі «Тарих-е Рашиди» кітабы қайта басылды: Иран ғалымы 20 жылдық жұмысын аяқтады

Фото: Әли Мұхаммади жеке мұрағатынан

Иранның Хамадан қаласындағы Ибн Сина атындағы университеттің профессоры, танымал тарихшы Әли Мұхаммади қазақ және парсы мәдениетін зерттеудегі үлкен жетістігімен бөлісті. Ғалым әйгілі Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-е Рашиди» еңбегін 20 жыл бойы зерттеп, қайта түзетіп, үш томдық нұсқада басып шығарды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл маңызды оқиғаға қатысты Әли Мұхаммади:

«Түзету жұмыстары ұзақ әрі қиын болды. Кітаптың әрбір нұсқасын мұқият салыстырып, тарихымыздың маңызды бөлігін қайта жаңғырттым. Енді бұл еңбек Қазақстан тарихшылары мен мәдениеттанушыларының қолына жетеді деп үміттенемін», – деді.


Фото: Әли Мұхаммади жеке мұрағатынан

Зерттеушінің айтуынша, «Тарих-е Рашиди» кітабының қолжазба нұсқалары Ұлыбритания, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Пәкістан және Иран елдеріндегі кітапханалардан алынған. Жалпы саны 10 қолжазба нұсқаны пайдаланып, оларды толық түзетуден өткізуге 20 жыл уақыт кеткен.

Үш томдық жинақтың құрылымы ерекше:

* Бірінші және екінші том – негізгі тарихи мәтіндер (1600 бет);

* Үшінші том – ескертулер мен түзетулерге арналған түсіндірмелер (900 бет).

Бұл жұмыс Қазақстанға ерекше жақын. Әли Мұхаммади 2005 жылы Алматыда Абай, Әл-Фараби және Абылай хан атындағы университеттерде дәріс оқыған кезінде «Тарих-е Рашиди» кітабымен алғаш танысқанын атап өтті. Сол уақыттан бері кітапты қайта өңдеп басу идеясын жүзеге асыруға бел байлаған.

«Сағди Ширази айтқандай, егер Құдайдың ілтипаты түссе, бұл еңбек Қытай галереясы мен мәрмәр өрнектей болады», – деп, ғалым өз жұмысының маңыздылығын поэтикалық түрде қорытындылады.


Ұстаздың негізгі мақсаты - осы кітапқа қазақ ғалымдарының назарын аударту, арнайы комиссия құрылып, қазақшаға аудару жұмыстары қолға алынғанын көру.