23 нау, 2020 сағат 10:08

Әлемді әбігерге салған індет

Әлем жұртшылығын әбігерге салған коронвирус індетінің беті қайтар емес. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, вирус Жер шарының 190-нан астам еліне жетіп, науқасқа шалдыққандар 343 мыңнан асты. Соңғы тәуліктің өзінде 32 685 адамның вирус жұқтырғаны белгілі. Қазіргі уақытта коронавирустан 17 739 адам қаза тапса, құлан-таза жазылып шыққандары 97 344 адам болды.

Коронавирус ошағы саналған Қытайда осы күнге дейін 81 435 адам вирус жұқтырып, 3 260 адам қаза тапса, 71 862 адам жазылып шықты. Бүгінде бұл елде вирустың таралуы күннен-күнге төмендеп келе жатыр. Тіпті ел ішінде соңғы уақытта індет жұқтырғандар тіркелмегенімен шет елдерден келіп жатқан азаматтарынан вирус табылып жатқаны хабарлануда. 

Жалпы қазіргі уақытта Қытай ауруханаларына 5 120 адам жатыр. 

Өкінішке орай Еуропа мемлекеттерінде індет ушығып тұр. Италияда вирус 53 578, Испанияда 25,3 мың, Германияда 22,2 мың адамға таралған. Жалпы, кәрі құрлықтың вирус таралмаған елі жоқ десек те болады. Сондықтан Еуропа елдері індеттің таралуын болдырмау үшін қатаң шараларды да қабылдап жатыр. Мәселен, Германияда екі адамнан артық жиналуға болмайды. Адамдармен байлансты да барынша қысқарту қажет. Қоғамдық орындарда адамдардың арасындағы қашықтық 1,5 метрден кем болмауы тиіс. Айта кетерлігі, күні кеше Германия канцлері Ангела Меркель COVID-19 вирусын жұқтырған дәрігермен қарым-қатынас жасаған соң карантинге жатқызылған еді. 

АҚШ-тың да жағдайы мәз емес. Бір тәуліктің өзінде 9 мыңнан астам америкалықтан коронавирус табылды. Құрама Штаттарда осы уақытта 33 546 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Қаза тапқандар саны - 419, оның 117-сісоңғы тәулікте көз жұмған. Осыған байланысты ел Президенті Дональд Трамптың төтенше жағдай жариялады. 

Қазіргі уақытта әлемдік әлем елдері коронавирусқа қарсы вакцина дайындауға белсенді кірісіп кеткен. Бірақ, оның таяу күндері шыға қоюы да қиындау сияқты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да вакцинаны дайындау және сынақтан өткізу үшін кемінде 1 жыл уақыт керек екендігін айтып отыр. Өйткені, мұндай вакцинаны миллиардтаған адам алатын болғандықтан ол барынша қауіпсіз әрі ешкімге ешқандай зиянын тигізбейтіндей болуы шарт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламасының директоры Майкл Райан да вакцина қолданылмастан бұрын оның тиімділігі және қауіпсіздігі расталуы керектігін, содан кейін ғана жеткілікті көлемде шығаруы тиістігін айтқаны есте. 

Жалпы АҚШ-та NIAID ғалымдары мен Кембридждегі Moderna Inc. биотехнологиялық компаниясының ғалымдары коронавирусқа қарсы жаңа вакцинаны жасап та үлгеріп, бір адамға салды. лдағы алты апта бойы ғалымдар тағы 45 адамға зерттеу жүргізеді. Осылайша вакцинаның қауіпсіздігі тексерілмек. Жаңа препарат клиникалық сынақтың үш сатысынан өтуі тиіс. Егер қазіргі тест сәтті аяқталса, онда жаппай пайдалануға вакцина 12-18 ай ішінде берілмек. Қытайдың Ғылым және технология министрі Сюй Наньпин де коронавирусқа қарсы эксперименттік вакцинаны сәуір айының соңында емханалық сынақтан өткізетіндіктерін жариялаған болатын. 

Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлесіп, COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина әзірлеуге кіріскені де белгілі. Аталған орталық ғалымдары COVID-19 коронавирусын 6 күннің ішінде анықтайтын тест жүйесін ойлап тапқан. Қазақстандық тест жүйесінің тиімділігі мен өткір сезімталдығы ресейлік және қытайлық диагностикалық диагностикумдардан кем еместігі анықталған.

ҚазАқпарат