27 қыр, 2023 сағат 12:51

Алаяқтық үшін сотталған қазақстандық Украинадан экстрадицияланды


Алаяқтық үшін сотталған азамат Украинадан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Украинаның Әділет министрлігі Қазақстан сотының үкімін орындаудан жалтарған азамат М.-ды Қазақстан Республикасына беру туралы шешім қабылдады.

Сот аталған азаматты 2017 жылы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, шартты мерзімге соттады. 

2019 жылы азамат М. соттың өзіне жүктеген шектеулерін бұзып, жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынып, іздеуге жарияланды" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, оны биыл тамыз айында Украина аумағында осы елдің құқық қорғау органдары ұстаған. 

"Бүгін Қазақстан Республикасының Украинадағы, Молдовадағы және Түркиядағы Елшіліктерінің қолдауымен Қазақстан Бас прокуратурасы мен Интерпол қызметкерлері аталған азаматты біздің елге экстрадициялады.

Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.