04 там, 2023 сағат 11:39

Алаяққа сенген ақтөбелік тұрғын банктерге 4 млн теңге қарыз болып қалды

Фото: Polisia.kz

Алаяққа сенген ақтөбелік тұрғын банктерге 4 млн теңге қарыз болып қалды, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алаяқтар  жәбірленушілерге қоңырау шалып, өздерін банктердің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, алаяқтыққа қарсы жұмыстар жүргізіп жатқанын, жәбірленушілердің шоттарынан күдікті транзакциялар жүргізіліп жатқанын түсіндіреді. Жәбірленушілерден ақшасын қорғау мақсатында телефонына Rustdesk қосымшасын жүктеп алуды сұрайды.  

Негізінде, бұл қосымша смартфонға және жәбірленушінің мобильді банкинг қосымшасына толық қол жеткізуге мүмкіндік береді. Банкинг қосымшасына қол жеткізе отырып, алаяқтар жеке шоттарға заңсыз транзакциялар жасаған.

RustDesk қосымшасы - танымал Anydesk қосымшасының балама түрі. Интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, алаяқтық саны азаймай отыр. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында аталған бағдарламаны пайдалана отырып жасалған интернет-алаяқтықтың 3 фактісі тіркелген.

Мысалы, 44 жастағы жергілікті тұрғын қалалық полиция бөліміне хабарласып, белгісіз біреудің телефонына қоңырау шалғанын және өзін банктер қауымдастығының қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырып, оның банктік шоты бойынша күдікті операциялар туралы хабарлағанын айтқан. Жәбірленушінің сауалнамалық деректерін нақтылай келе, алаяқтар Rustdesk қосымшасын жүктеп алуды сұрап, оның көмегімен жәбірленушіге түрлі банкте жалпы сомасы 4 млн теңгеге кредиттер ресімдеген.