Биылғы жылдың рауандап атқан бір таңының шуағы қазақтың біртуар ұлы, қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына түсті. Олай дейтін себебіміз, ұлы тарихи тұлғаның айтулы мерекесі ЮНЕСКО көлемінде тойланбақ. Халықаралық ұйымның кезекті 38-ші сессиясында қабылданған қаулыда осылай делінген. Көзі тірісінде: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін ісімен дәлелдеп кеткен, есімі ел аузында аңызға айналған тұлға Әлихан Бөкейханның қым-қиғаш тағдырлы жолы өзі сүйген қазағының көз алдында сайрап жатыр. Ол жүріп өткен жолдардың шырғалаңы – қазақтың азаттығын аңсау, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ елінің қиын уақыттарымен байланысты болатын. Маңдайына жазылған тағдыры болар, біліммен қаруланған ұлтжанды азаматтың өмір сүрген дәуірі – ел басына қиын-қыстау күн туған, алмағайып заманның аумалы-төкпелі тұстарымен сабақтас. Төре тұқымының төрінде туып, төренің есігінде жүрген құл-құтанның қамын ойлау-тек Әлихандай абзал азаматтың бойына қонған өзгеше қасиет тәрізді. Адам адамға ұқсағанымен, өзгеден айрықша көрінетін мінезімен не қылығымен ерекшеленеді. Бала Әлиханның да өзгелерден ерекшелігі, оның адалдығы, жалған сөйлемеуі, кісі қақысын жемеуі тәрізді жақсы қасиеттер. Ұлтын сүйген жүректің өз арнасынан ауытқымай, ұлтын сүйіп өмірден өтуі екінің бірінің басына қона бермейтін бақ.
«Әлиханның шешесі Бегім ханым кестеші, оюшы, сызушы, ол уақытта мәшине жоқ, қолмен істейді. Қайырымды, нашарлардың киімін істеп береді. Қолында жетім-жесір, нашар адамдар жүреді. Борамбайдың мылғауы Юсуф, Байғабылдың Мырзабегі сияқтылар. Жетім балаларға мұсылманша оқу оқытады, киімдерін жуып, жамап береді,…Әркімнің киімдерін тігеді, олар отын әкеп береді, тамақ әкеп береді. Жолдасы – Мықан төре қазақтың атқамінер пысығы, ит жүгіртіп, құс салады.
…Әлихан оқудан келіп жүргенде жылқыға жау тиіп, төбелесіп, басын жарғызып, жылқыны айырып алған. 15 жасында 1880-інші жылы «жеті аяз» деген суықта әкесімен аңға барып, бүркіт суықтан жоғары ұша алмапты. Екі түлкі алғызып қайтыпты, Қараүңгір, Апақай деген жерден».
Міне, бұл – Әлиханның туған інісі Смаханның естелігі.
Табиғи жаратылысынан ерекше болып туған Әлихан Нұрмұхамедұлының өмір сүру дағдысы, қоғамға деген көзқарасы, тіпті, басқаша. Сегіз қырлы, бір сырлы таланттың тұлабойында зор білім мен үлкен өнердің таусылмас дариясы ағып жатқандай. Ол жүрген жерде әділдік күресінің жалыны шарпымаған, ақиқат өртінің қарпымаған аймағы жоқ. Қазақ түгілі, өзге ұлт өкілдерінің өзін тамсантқан туа біткен тектілік, тасыған талант, телегей-теңіз білім, қарымды қабілет, көзсіз ерлік, табанды тапқырлық, айнымас сөз, семсер серт, шалт қимыл, көкжал мінезімен таңғалдырған өр дауысты дала ұлының елі үшін жасаған еңбегі ұлан-ғайыр. Оқи түскен сайын терең ойдың құшағына кіріп, тұңғиығына бата түсесің. Соған қарағанда Әлихан тағдырының әлі де шешілмеген жұмбағы көп сияқты…
Әлихан туралы айтылған естеліктердің аңыз емес, ақиқат екендігіне уәж айтатын мұрағат жетіп артылады. Толайымды бір тұжырымға айнытпай дәлел болатын бір сурет соның айғағы. Айтылған сөзді түсірген сурет растайды. Бұл да болса, тәуекелге дәнекер, дәтке қуат, көңілге жұбаныш.Талғампаз жастың өмірде болып жатқан қозғалысты қаламына іліп, газетке беруі, тіпті, ерте, 1889 жылдан басталған. Омбы техникалық училищесі студентінің «Особое прибавление к акмолинским областным ведомостям» газеті мен оның қосымшасы ретінде шығатын «Дала уалаяты газетінде» үлкенді-кішілі жарияланған 8 мақаласы соның айғағы. Ал, бүгінгі баспасөз бетінде көп айтыла бермейтін бас редакторлық қызметі ұлт батырының тағы бір қырын танытқандай. «Алаш» қозғалысы мен партиясы көсемінің бас редакторлығымен шыққан күні бүгінге дейін бір кереметтің күшімен аман-есен сақталған «Иртышъ», «Омичъ», «Голосъ степи» газеттерінің кейбір сандары бар. Жинақтаушының айтуы бойынша, Бөкейхан басшылық еткен «Иртышъ» газетінің тоқсанға жуығы, «Омичъ» газетінің үш саны табылып, электрондық көшірмелері толық қолға тиген соң, көңілге күдік тудырып жүрген біраз мәліметтер анықталған. Алмағайып, қым-қуыт заманнның «қылбұрауына» түскен үш басылымның тағдыры ауыр болса да, кезінде ел мұңын қалың жұртшылыққа жеткізе білген.
Бөкейханның бір алғырлығы – университет қабырғасында жүрген кезден бастап, студенттік толқуларға қатысып, сол толқуларға мұрындық болып, өзінің саяси көзқарасын дәлелдеп баққаны. Қалай айтсақ та, орыс зиялыларымен қатар жүріп, қатар тұрып, сөз жарысына түсіп, пікірталастың майданын қыздырған Санкт-Петербордағы студенттік жылдар – Бөкейханның арманының шырағын жағып, саяси көзқарасын шынықтыруға септігі тиді десек, артық айтпағанымыз.
Алаштың арда ұлымен біте қайнасқан тарихты қазбалай берсек, ел тағдырымен қатысты дүниелер шыға береді. Қалың бұқараның барын түгендеп, жоғын жоқтаған «Халық бостандығы» партиясының беделі дәуірлеген уақыт – 1905-1907 жылдар. Ресейде самодержавие мен абсолютизмнің орнына конституциялық демократия орнату, отаршыл империяны федерация етіп қайта құру кадет партиясының түпкілікті бағдарламалық мақсат-мүддесі еді.
Партияның ХІІ сиезінен кейін, 1917 жылы Бөкейхан кадет партиясының Орталық комитетінен де, партия қатарынан да шығып, Қазақтың тұңғыш ұлттық «Алаш» партиясын құруға кірісті. Алаш қозғалысы мен партиясының көсемі Әлихан 1905 жылдың қазан айында «Халық бостандығы» партиясының Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитетін ұйымдастырушылардың және басшылардың бірі еді. Сол үшін ғана («орыс патшасының ұрда-жығы» бұл – алаш көсемінің өз сөзі) Қазақ уалаятының қуғын-сүргініне ұшырады. 1906 жылы тұтқындалып, ешбір сотсыз, тергеусіз Павлодар түрмесіне жабылды, көп ұзамай Омбы абақтысына аударылды. Омбы абақтысынан ол Семей облысынан сайлаушы болып сайлауының арқасында 30 сәуірде бір-ақ шықты. Қандай ауыр, қандай күрделі қоғамда өмір сүрсе де, Бөкейхан бастаған ұлт зиялылары туған халқының болашағын бір сәтте естен шығарған емес. Бұл күнде исі қазақтың көңіліне күмәнді ойлар туғызып жүрген, «Кейбір елдік істерде орыс зиялыларының саясатымен неге бірігіп қадам жасады?» деген сұрақтардың туындауы да орынды. «Бөтен елге» бұғауланған олар тығырықтан шығудың сан қилы амалдарын іздеп аласұрды. Жандары қиналып, жүректері жылады, көңілдері күрсініп, бастары қатты. Ең болмағанда, орыс федеративтік мемлекетінің құрамындағы терезесі тең ұлттық автономиялық республика болсақ деп армандады. Екінші жалпықазақ құрылтайының 1917 жылғы 13 желтоқсандағы мәжілісінде ұлт көсемдерінің «Алашорда» ұлттық-территориялық автономияны құрғанын жариялауы – сол арманның сыңар қанат жаюы ғана еді.
Әлиханның белсенділігінің бір қыры – Самарада айдауда жүріп, «Темірқазық» журналының үш санын шығаруы, Мәскеуде қуғында жүріп, 1923 жылы «Алқа» атты мәдени-ағарту ұлттық ұйымын құру ойын көпшілікке жеткізуі еді. «Алқаның» Жарғысының жобасы «Еңбекші қазақ» газеті арқылы талдауға ұсынылып, А.Байтұрсынұлы, М. Жұмабайұлы, С.Сәдуақасұлы қолдағанмен, кеңестік биліктің ықпалынан шыға алмады. Маңызды құжат ретінде танылған мұрағаттарды сөйлетсек, Әлихан Нұрмұхамедұлына қатысты біз көп біле бермейтін бір жайтты еске салғанымыздың артықтығы болмас. «Көркем әдебиеттің, әдеби сын мен публицистиканың орталық мұражайының директоры Бонч-Бруевичтің (қысқаша ЦМЛ) әрі бәлшебектер мен дүниежүзі еңбеккерлерінің көсемі атанған Владимир Лениннің жақын үзеңгілесі болып табылатын Владимир Дмитриевич Бонч-Бруевичтің 1934 жылы 27 ақпанда Бөкейханға жазған өтініш хатына қарағанда, қазақ көсемінің ол өтінішті жауапсыз қалдырмағаны да күмән туғызбайды. Бонч-Бруевичтің осы хатында мұражайдың қорын ұйымдастыруға көмектесуін және өзінің естеліктерін жазып беруін сұрайды. Алайда, Бөкейханның мұражайға қандай құнды құжат немесе естелік жазып бергені белгісіз. Себебі, Бонч-Бруевич хат жазған 1934 жылы көркем әдебиеттің, әдеби сын мен публицистиканың орталық мұражайы орналасқан Мәскеу қаласы, Рождественка көшесі, 5-ші үйде қазір ешқандай мұражай жоқ. Мұражайдың бұл мекен-жайы Бонч-Бруевичтің хаты жазылған бланкасында ғана көрсетілген.
Бонч-Бруевич өз хатында «бір кезде маңайында төңкерісшілер ортасында жүрген көп жазушы жиналған және атап айтқанда, меніңше, біздің сол дәуірдегі социал-демократтар да қызмет етуге тиіс «Степной край» газетіне жақын тұрған кісі» ретінде қолқа салып отыр. Сөздің тоқетері, Бөкейхан әдебиет мұражайының қорына өзі куә болған маңызды құжаттарды тапсырған болса, ол жоғалып кеткен жоқ. Қазан төңкерісінің даңқына арналған басқа мұражайлардың біріне берілсе керек деген болжам ғана бар.
Көзі тірісінде атақ, даңққа қызықпаған, «арғымақ ат мініп, алтын оқалы шапан кимеген» Бөкейханның өмір-дерегі тұнып тұрған құнды энциклопедия. «1894-1898 жылдарда Ресейдің императорлық география қоғамы Батыс Сібір бөлімінің толық мүшесі, әрі басқару комитетінің мүшесі, Мәскеу ауыл шаруашылығы қоғамының Омбы бөлімшесінің толық мүшесі, Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның құрастырып шығарған энциклопедиясының редакция алқасының мүшесі ретінде осы ұжым жарыққа әзірлеп шығарған 22 томдық «Жаңа энциклопедиялық сөздігінің» тұрақты авторының бірі.
1908-1910 жылдары «Сибирские вопросы» ғылыми-публицистикалық журналының авторы, 1922-27 жылдары Мәсеудегі КСРО халықтарының Орталық баспасы Қазақ редакциясының әдеби қызметкері, Санкт-Петербордың мемлекеттік университетінің профессоры, 1926 жылы КСРО Ғылым академиясының одақтас және автономиялы республикаларды зерттеу жөніндегі арнайы комитетінде Қазақстан бойынша тұрақты сарапшы.
1896-1927 жылдары Қазақ даласында жұмыс атқарған төрт бірдей экспедициясының жұмысына қатысады. 1917 жылы «Қазан бүлігіне» дейін «Тобыл» экспедициясы мен Ф.А.Щербина және С.П.Швецов басқарған статистикалық және экономикалық экспедицияға тікелей араласқан.
Кеңес Ғылыми академиясының академигі С. П. Швецов қазақ ғалымына 1928 жылы берген мінездемесінде Әлиханның патша заманындағы және кеңес дәуіріндегі ғылыми экспедицияда атқарған қыруар еңбегіне аса жоғары баға бере келіп, Бөкейханның патша заманында да, кеңес өкіметі дәуірінде де Қазақ өлкесі және қазақ өнері мен мәдениеті туралы талай құнды ғылыми-танымдық еңбекке кеңесші болғанын жазады.
Әлекең 1926 жылы бұрынғы Адай оязы, қазіргі Атырау, Маңғыстау облыстарын зерттеген КСРО Ғылым Академиясының антропологиялық экспедициясына қомақты үлес қосқан.
Жалпы, Әлихан Нұрмұхамедұлының Маңғыстау жеріне барған сапары туралы соңғы шыққан 9-томдық шығармалар жинағында егжей-тегжейлі баяндалмағанмен, біздің қолымызға түсе қоймаған тарихи құжаттардан табамыз деген үмітіміз бар. Дегенмен де, ұлт батырының жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен қасиетті өлкеге экспедициямен бірге барған сапары туралы академик Әлкей Марғұлан марқұм болғаннан кейін жарық көрген естелігінде былайша суреттейді: «Сол 1926 жылы Маңғыстауға шыққан және бір экспедиция бір өлкенің экономикасын зерттейтін еді. Оның бастығы біздің аса құрметті қандасымыз, беделді ғалым, экономист, Ленинград университетінің профессоры Ә.Бөкейханов болатын. Адайлар Бөкейхановтың халқының алдындағы орны толмас қызметін тани біледі екен. Сондықтан, оны аса жоғары дәрежеде құрметтеді».
Тәрбиесі тәуір, өзіндік ұстанымы бар отбасында өскен Әлиханның көксеген арманы – білім алып, еліне қызмет жасау болатын. Ауылдық мектептен мұсылманша хат таныған баланың орыс-қазақ бастауыш мектебінде оқыған жері – Қарқаралы. Арманның қанатында қалықтаған оған тағдырдың берген сыйы – Омбы техникалық училищесін бітірген соң, Ресей жеріне сапар шегуі. Оқшау тұрған елдік мүддені оқып, білу үшін жоғары білімнің аса қажеттігін түсініп, 1890-1894 жылдар арасында Санкт-Петербордағы орман институтын, императорлық университетінің заң факультетін бітіріп, екі мамандық алып шығады. Он төрт жыл Омбыда қызмет жасауы – меңгерген білімін ел қажетіне жұмсауы деп түсінеміз. Әлихан қазақтың елін, жерін, суын қалай өмір сүруін білу үшін аралаған. Қала тұрғызып, егін салып, бала оқытып, бай, кедей демей-ақ, жеткіземін деген ой кезіп, жете алмады. Өмірін қазақ қыламын деп сарп еткен.
Жастау кезінде интернатта оқып, көпшіл болып өскен Бөкейханның тәуір көретін екі адамы – Ахмет Байтұрсынұлы мен Мағжан Жұмабаев. Қаламының қуатын халқына арнаған ұлт зиялыларын дос еткен – ортақ мүдде, ортақ пікір, бір тілек. 1913 жылы Орынборда Бөкейхан бастап, Ахмет пен Міржақып қостап, «Қазақ» газетін шығара бастаған тұста: «Дүниежүзінде болып жатқан әңгімемен таныстырып, ел қылмақ еді, Әлекең» деген шынайы пікір осы кезде айтылса керек. Қазақ зиялысы Әлихан Бөкейхан ұйымдастырған «Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы 2 ақпанда жарық көріп, Николай патша тағынан тайған соң, осы азаматтың ұсынысымен «Сарыарқа» газеті дүниеге келді. Мұнан басқа «Темірқазық, «Шолпан» журналдарын шығарды. 1906-1907 жылдары «Иртышъ», «Омичъ», «Голос степи» газеттері Бөкейханның редакторлығымен шығып тұрған. Сол тәрізді «Әйел теңдігі», «Сәуле», «Жаңа мектеп» журналдарын ұйымдастыруға көмегі тиген. Бөкейханның қаламының қуатты, ісінің ширақ болғандығын оның бір емес, бірнеше басылымдарға мақала, ғылыми жұмыстарын жариялауы нақты дәлел. 1895-1903 жылдары «Степной край» газетімен ғана шектелмей, өзге облыстық, аймақтық газет-журналдарға, ғылыми жинақтарға жиі жазып тұрады. «Туркестанские ведомости», (Ташкент), «Киргизская степная газета», «Дала уалаятының газеті», (Омск), «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинский листок» газеттері мен «Русское богатство», «Русская мысль» және «Жизнь» журналы, «Памятная книжка Семипалатинской области» анықтамасы, (Семипалатинск), «Известия Западно- Сибирского отдела» И.Р.Г.О. (Омск), «Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.». (Семипалатинск) сынды ғылыми жинақтары бар.
1905 жылы «Халық бостандығы» партиясының С.Петербордан шығатын «Речь», «Слово», «Сын Отечества», «Наша жизнь» газеттерімен жақын араласа бастайды. Алыстан болжап, келешектің көкжиегіне көз жүгірткен қайраткер ұлт мұратына кіретін ең басты игіліктерге аса мән беруді естен шығармаған. Әлекең саясаттың дүрбелеңінде жүріп, ана тілдің ақсамауына, ұлттық фольклор бұлағының тартылып қалмауына, әдебиеттің өркендеуіне назар аударып, ақыл-кеңесін беріп отырған. «Бізде мұнан бұрын роман жазылған емес. Мир Якуб романы «Бақытсыз Жамал» – кішкентай ғана кітап. Мен мұны «Қазақ»-қа сын жазбақ болып, қолға алып едім. Екі жұма отырдым. Бұл – менің бұрын қылмаған ісім еді. Сонан ба, жоқ, сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер. Мәдени жұртта көркем кітап жазып отыратын Ахмет, Мир Якуб газетаның уақ ісіне есіл ғұмырын байлап отыр. Білгенді қылам дегенге жұрт керегі қойып жатыр ма? Шаhкәрім, Ахмет, Мир Якуб (бұлар Аполоннан бата алған жоқ) жерге түсті демесе, мен сыншы фарызын өткеруге құл болдым» деп жазады Ғали-хан 1915 жылы Самар қаласынан.
Ұлт жанашыры өзінің азаматтық бейнесін тек қоғамдық-саяси күрестерде ғана емес, тарих, әдебиет саласында да көрсете білді. Бұған журналист, публицистің ежелгі дәуір әдебиетінің, орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударуымен қатар, халықтық ауыз әдебиетінің жүгін қоса көтере жүруі айқын дәлел. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қалқаман-Мамыр» жырларына өңдеу енгізіп, кітап етіп басып шығаруға жұмыстанды. Сол уақытта қазақ, орыс тілінде шығатын басылымдарға ел мүддесінің терезесіне тең келетін жүздеген дүниелерді жазуы – маңдайды терлеткен қуатты қаламының күші екендігі ақиқат. Әлекеңді басылымдарға жақын жүретін көпшіліктің журналист, көсемсөзші атауы да сондықтан болар.
Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген төрт ғылыми экспедицияның жұмысына қатысып, қазақтың жерін, әлеуметтік-экономикалық жағдайын, ауыл шаруашылығын, табиғат байлығын зерттеушілердің ішінде болып, мол тәжірибе жинайды. Талаптанып алған білімінің нәтижесі осы кезде кәдеге асып, газет бетінен түспейтін. Білгені, көңілге түйгені туралы бірнеше ғылыми монография жазып, ондаған очерктердің авторы атанады. Өзі төре тұқымы болғанымен, көзқарасы, ой-танымы қарапайым халықтың ортасында қалыптасқан Әлихан Бөкейханұлының білімділігі сол экспедиция сынағынан сүрінбей өтіп, қазақ елінің білімді сарапшысы деп атануы. Елжанды болып өскен азаматтың алғашқы саяси көзқарасын қалыптастырған бірінші орыс революциясы. Ғылыми жұмыстарымен қатар публицистиканы меңгерген ол қоғамдық-саяси ортаның қазанында бірге қайнады. Бір-бірімен қабысқан тірлік, елдік мүдде, қоғамдағы қайшылық – қалай болғанда да алаштың арда туған ұлын бір мезет те тоқтата алмады. Алда тұрған азаттық үміті оны ілгері жетектеді де отырды. Қанмен берілген қасиет шығар, басына төнген қауіптен, жақын жүрген қатерден қаймықпаған.
Атқарған қай жұмысының, жасаған қай еңбегінің іші-тысын ақтарып қарасаңыз да, шалалықтың қисыны жоқ. Сұңғыла пікір, келелі ой, білімді жүректен шыққан дүниелер. Қандай қиын кезде де, кең қимыл жасауға келмейтін тар уақытта да бірнеше жұмысты атқара жүріп, жаңа идеяларды ойлап табады. Ширақ көңілден туған шымыр ойдың шиыршық атып, көздеген жерінен жарып шығатыны да содан шығар. Қоғамның ойлы, қырлы, соқпақты, тастақты жерлерімен жүріп келе жатып, қазақтың қамын ғана емес, күллі мұсылман жұртшылығының жай-күйін ойлап, мұңаяды. Патша үкіметінің отарлау саясатына құрбан болған елдердің мұңы – Бөкейханның мұңы еді. Өзін туған ұлттың азаттығын армандап, сол іс-қимылдың соңына шырақ алып түсті. Алдыңғы арманның маңдайынан күн туғанымен, соңының басын қара бұлт шалды. Әлекең өз ісіне өкінген жоқ, бас сауғалап, қашқан да жоқ. Елімен бірге болып, ел арманының соңында өзін құрбандыққа шалды. Қарапайым халық – оның жаны еді, жанын соларға беріп тынды. Есіл ердің соңында «Әлекең байшыл емес, кедей, нашар жағында болатын адам» деген шындықтың айнасөзі қалды.
Патшаның қара жұмысқа қазақтан адам жинау саясатына араласып, біраз мәселелердің басын шешуге Әлиханның да қосқан үлесі зор. Ел арасын ушықтырып, әуре-сарсаңға салған қозғалыстың түбін танып, білмей немесе түсінбей өре түрегелген халықтың арынын басу – қиынның қиыны болғаны рас. Осы тұста қазақтың арда туған зерделі ұлдары осы бір «қым-қиғаш істің» басы-қасында болып, елдің еңсесін езген бірталай мәселелерді шешуге мұрындық болады. Әлекең ел аралап, Торғай облысы, Торғай оязы, Қабырға болысында, Ақтөбе, Ырғызда, Адайда болады. «Жұмысқа барыңдар, төбелеспеңдер, қашпаңдар! Өзім сендермен бірге боламын» деп, қара жұмысқа алынғандармен бірге Беларусь жерінің Күнбатыс майданында қарағай кесіп, жұмыс жасайды. 1917 жылдың ақпан айында патша тақтан құлаған соң, қара жұмысқа жегілгендерді Аспандияр Кенжин бастап, елге алып келеді. Бір айта кетерлігі, Бөкейхан бұл кезде Петроградқа шақырылып, уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары әрі Түркістан өлкесін басқаратын Түркістан комитетінің мүшесі болып тағайындалған болатын. Майдан жұмысына Міржақып Дулатов та қатысады. Ал, Ахмет Байтұрсынов қара жұмыстағы 19-31-жастағы қазақтардың хал-жағдайын, дүниенің хабарын жазып, Орынборда бір топ серіктерімен бірге «Қазақ» газетін шығарумен шұғылдана жүріп, былай деп жазады:
«…Қазақтардың тамағы жақсы. Олардың бір риза болып тұрғаны-өздеріне жылқы сойып беруге рұқсат бергендігі. Жігіттер доктор, фельдшерлер жақсы қарамайды, тыңдамайды, жек көреді деп зарлайды. Мұндай оқиғалар болған: ауруханадағы науқас қазақтар өлгенде, жолдастарына білдірместен, моллаға хабар берместен көме салған, мұнысы – барлық қазақтың діни намысына тиетін іс. Қарап тұрған әкімдер жігіттердің жұмысына ырза. Біз бұған артық қуандық» (Ғалихан, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хасен, 1917 жыл, Күнбатыс майданы).
Өзі ұстанған бағытынан ауытқымаған ұлт жанашыры үлкен-үлкен мінберлерден ұлт мәселесіне қатысты тіл, дін, тәуелсіздік туралы салмақты әңгімелерін айтып жүруден тайсалған емес. Өз ортасына сол кездегі қазақтың оқыған, көзі ашық Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жақып Ақбаев сынды зиялы азаматтарын топтастырып, «Алаш» қозғалысын ұйымдастырады. «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп, қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою – ойлап, әуре болмастан ауызға түсіп тұр». Бұл – Бөкейханның 1917 жылы Орынборда жазған өз сөзі. Міне, осы уақыт Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси тартысқа әбден бет бұрған қиын кезеңдері. «Алаш» партиясы – қазақтың тұңғыш ұлттық-демократиялық партиясы. Оның көздеген мақсаты – халықтық мәселелер болды. Партияның бағдарламасында партияға мүше болғысы келген адам тура жолдан таймайтын, шыншыл, әділ, қандай қиындық болса да, өзіне тапсырған жұмысты бұлжытпай орындауға тиіс. Сөзі мен ісі үйлеспейтін, айтқан уәдесінде тұрмайтын, жалтақ адам партияға мүше бола алмайды делінді.
Алаш автономиясын құру – 1917 жылдың желтоқсан айында өткен екінші жалпықазақ сьезінде қаралған он мәселенің ең негізгісі. Сол кездегі «Сарыарқа» басылымында жарияланған мақалада: «Алаш облыстарын қазіргі бүліншіліктен қорғау мақсатымен Уақытша Ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын. Алашорданың ағзасы 25 болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы басқа қазақтарға қалдырылды. Алашорданың уақытша тұрақты орны – Семей қаласы. Алашорда бүгіннен бастап, қазақ-қырғыз халқының билігін өз қолына алады» деп жазды (25 қаңтар, 1918 жыл, №29).
Қазақ зиялыларының бастамасымен құрылған уақытша ұлттық кеңеске тартылғандар – Қазақстанда тұратын, білімді, жан-жақты, дүниенің төрт тарабында болып жатқан қоғамдық-саяси өзгерістерден хабары бар, сан-салалы мамандық иелері. Үкімет төрағалығына дауысқа түскен үш азамат – Әлихан Бөкейхан, Бақыткерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев болатын. Нәтижесінде, екі қарсыласынан басым түсіп, ең көп дауыс жинаған Әлихан төраға болып сайланады. Алаш ардақтысы Бөкейхан үнінің биіктен естілген сәтінің бірі – осы тұс.
Тәуелсіздіктің ақ таңын аңсаған «Алаш» қозғалысының, «Алашорданың» ғұмыры қысқа болғанымен, тарихтың тағылымды беттері олар туралы тұщымды пікір, татымды әңгіме айтудан жалыққан емес. Ата-бабаларымыз, одан қалды халқымыздың маңдайына біткен зиялы ұлдары аңсап, армандап, сол жолда күресіп өткен тәуелсіздікке арада 70 жыл өткенде ғана қол жеткіздік. Адам жүрегіндегі кіршіксіз арманды тат шалмайтынын ескерсек, болашақты ойлаған асыл ұлдарымыздың елінің азаттығын аңсаған армандарының мәңгілік өмір сүретіндігін мойындаймыз да. Соның бір айғағы – ұлы мұрат жолында өмір сүріп жатқан ұлы қазақ елінің бүгінгі бейнесі. Туыс-бауырларының айтуы бойынша, бір мінезбен туып, бір мінезбен өлген Әлихандай ұлдың елі үшін жасаған орасан іс-қимылдарының мәні де өзгеше. Қазақтың өз ұлтын сүюі – оның ана тілін, ата ділін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, туған жерін қадірлеуі деген сөз. Әр ұлт өз жеріне иелік етіп, ешкімге бодан болмай, тәуелсіз өмір сүруі.
«Атекем менің өзіме біртүрлі сүйкімді көрінетін, қатты еркелететін, бейнесі көз алдымда. Ұзын бойлы, сом денелі, иықты келген, өңі қоңыр еді, ашық үлкен көздерімен жұртқа қадала қарайтын, көрмекке сұсты болғанмен, жаны нәзік, балажан, жалпыға жанашырлық көрсететін, қолы ашық, мырза кісі болатын, біреуге жақсылық етсем дейтін» деп жазды Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апай өзінің естелігінде.
Өз дәуірінің жаршысы болған қазақ басылымдары Әлиханның досы еді. Өзегін күйдірген өртті де, жүрегін ауыртқан дертті де қаламымен тербеп, халқына жеткізетін. Қандай қиын күй кешіп, жаны жараланса да жеке бастың жайын айтпапты. Бар арманын, аңсарын, қиялын қазақтың азаттығымен елестеткен асыл ердің мына бір хаты соған айғақ: «Сүйікті Алаштың азаматы! Бізді бұл қуанышқа, бұл бостандыққа жеткізген кім? Біз кімге борыштымыз, соны ойлайық.
Алмақтың да салмағы бар. Жақсылығына ортақпыз, жамандығынан аулақпыз десек, құдайға қас болармыз. Орыс халқы бостаншылық жолында жанын құрбан қылғанда, біз терімізді қиялық!
Ұйымдасып, жаңа үкіметтің күшеюіне қызмет қылалық. Кешікпей ашылатын ушредительное собраниеде hәм государственный Думада бәйгеге қосылып, жүлде алып, халқымыздың бақ-берекесіне жол ашайық! (Әлихан, Мұстафа Шоқайұлы, Міржақып Дулатұлы. «Қазақ» газеті, №225, 1917 жыл, Орынбор).
«Тектіні текті қуады, тектіні жақсы туады» демекші, алаштың Әлиханының шыққан тегі – қазақтың соңғы хандарының бірі – Бөкейханнан өрбиді. Бөкейханның төртінші ұрпағы саналатын Нұрмұхамед – Әлиханның әкесі.
«Бөкейханның бес әйелінен тоғыз ұл туған деседі. Соның бірі – Сұлтанғазы. Сол дәуірде арғынның әрбір елінің өздеріне тән төрелері болған екен. «Төресі бар елдің төбесі бар» деген сөз содан қалса керек. Әлтеке-Сарымның төресі атанған Бөкейхан баласы Сұлтанғазы оқыған, беделді, патша армиясының полковнигі шенін алып, әскери тұлғаға айналған, Қарқаралы өңіріне ықпалды адам болыпты. Сұлтанғазы Тоқырауын бойындағы бас Сарытеректі және бүгінгі Ақтоғай ауылы орналасқан Шатырша мен Жосалы аңғарын, осы жерлерге Сарытеректегі күміс теректер мен Ақтоғайдағы аққайыңдарды тұқымынан қолдан отырғыздырып, өзінің үлкен баласы Дайыр төрешіге еншіге берген деген аңызға айналған ақпар да ел аузында. Ақтоғай атауы сол екпе қайыңдардан басталған» (Тұңғышбай Мұқан, «Тоқырауын тынысы», 2015 жыл).
Қабағы қатты болғанмен, қайырымы мол азаматтың ықыласы туған топырағынан алыс кетпеген. Желтаудағы әке бейітінің басына Еуропа бетінен самырсын әкеліп, отырғызуының өзі сирек қайталанатын, өнегелі іс. «Осы самырсын ағашы қыр үсті болса да күні бүгінге дейін жайқалып өсіп тұр. Басында егілген үш ағаштың бірі өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында шабылып тасталған» деп жазды баспасөз беттері.
«Әкеміз, ағамыз құрған халықтың, атақ, даңқы өшпесін деп, түркі халқы үшін, түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым, күш-қуатымды аямадым» деп, Күлтегін бабамыз айтқан қиян-кескі күресті тағдыр «Алаш» қозғалысының көсемінің маңдайына жазылыпты. Елдің қамын ойлап, ұлттың арын ойлап, әділдік пен қиянат жұдырықтасқан заманда қайран ұл 1917 жылғы төңкеріске дейін 7 рет тұтқындалып, 4 айдан сегіз айға дейін түрмеде отырып, екі рет айдауда болған. Саяси өмірінің Самарада сегіз жылын, Мәскеуде он бес жылын сарп еткен. Алаштың маңдайына біткен дара тұлға, дарабоз ұлының күңіреніп өткен өмірі, міне, осындай!
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді». Бұл – қазақ сөзі. Тартысты тағдырды өміріне серік етіп, соңғы демі үзілгенше елім, халқым деп өткен алаш ұлының зор дауысы көзінің тірісінде елге әйгіленіп, қадірленгенін сол дәуірден бізге жеткен ақын, жазушылардың шығармаларынан көреміз. Шындықтың шырғалаңында жүріп, басына қандай қуғын-сүргін туса да ел-жұртынан бір сәт те ажырамаған Бөкейханға 1905-1908 жылдарда ақын Көпбай Жантайұлы мынадай арнау шығарған:
Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы.
Сол тәріздес өлеңнің бірі, Әлекең 1917 жылдың 13 желтоқсанында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының төрағалығына сайланғанда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жүрек-жарды сәлемі былай болып өріледі:
Ас-Салаумағалейкүм, данышпаным,
Қамын жеп мұсылманның алысқаным.
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Жүрмісің есен-аман арыстаным!
Әрине, туған ұлтының қамын қара басынан биік қойған ұлдар некен-саяқ. Соның бірі және бірегейі Әлихан Бөкейханның өзі еді. Ұлы тарихи тұлғаны зерттеушілер қазақ тарихында аса сирек кездесетін бұл азаматқа: «Ұлттың болашағы үшін кіршіксіз қызмет жасаған дара тұлға» деп баға берген. Оның өмір-деректерін, құнды шығармаларын құрастырушы: «Әлихан төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп өткен Шыңғыс ханның 23-ұрпағы, төре тұқымынан бола тұра, Қасым хан, Абылай хан, Бөкей хан, Кенесары сынды халқы ақ киізге көтеріп, хан тағына отырған емес, оның заманы өтті-кетті» деп ой қорытады.
Ал, «…Қырағы қия жазбас сұңқарым-ай,
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай,
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!» – деп жырлаған Ахмет Байтұрсыновтың өлеңі немесе «Әлихан – көсемдердің көсемі» деген кесімді сөзі бүгінгі журналистердің Әлекең туралы жазған шығармаларының тұғырына айналғалы қашан. Ал, Сәкен Сейфуллин: «Семейде Әлекеңді ел құдайдан сұрап алған жалғыздай құттықтады» десе, ұлы қайраткердің еңбегіне жапон елінің ғалымы Уяма Томохико: «Әлиханның көзқарасында прогрессивтік және еуропашылдық идеясымен қатар, қазақ дәстүрін, қазақтықты сақтап қалу идеясы болған» деген құрметін білдіреді. «Алаш» қозғалысын тиянақтап зерттеген ғалым М.Б.Олкотт: «…кір жуып, кіндік қаны тамған жеріне деген құқын мойындамай, оның барлық жер-суын қазына меншігі немесе «орыс патшасының меншігі» деп жариялаған отаршыл әкімшіліктің ұлт антоганизмі саясатын батыл әшкереледі» деген қорытынды шығарады.
1960-жылдардың соңында қазақтың тұңғыш математика профессоры, ағартушы ұстаз әрі көрнекті қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков Әлекең туралы: «Ол кісі С.Петербордың Орман институтының экономист факультетін тәмамдаған. Заң факультетіне Ленинмен қоса экстернат болып, емтихан тапсырған. Терең дария – мұхит білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін… Біз онымыздың ақыл-ойымыз Тоқырауын өзеніндей еді де, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой» деген сипаттама береді. «Әр заманның өзіндік көкейтесті мәселелері болған. Әлихан Нұрмұхамедұлы мен оның серіктері өмір сүрген дәуірде қазақ қоғамы алдында тұрған ең өзекті мәселе – ұлттық теңдік, саяси бостандық еді.
Әлихан Бөкейхан мәселелердің жоқтаушысы ғана емес, бүкіл қазақ елінің саяси қайраткері ретінде осы күрес жолындағы көш бастаушысы да болды. Ұлы қайраткердің соңына ерген інілерінің бірі – қудалаудың тағы бір құрбаны – Жүсіпбек Аймауытұлы оған арнау сөзінде: «Қараңғыда қан жылап, қаңғырған күнде басыңды қазақ жолына құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз! Өміріңде жүрген жолың біздей інілеріңізге жағып қойған шамшырақ» дегенде, асыра айтып қателескен жоқ еді» деп жазды белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев.
«Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ – мойындауға мәжбүрмін» деп соттағы соңғы сөзін айтқан, ел басындағы саяси тартыстың құрбаны болған асыл ер 1937 жылдың 27 қыркүйегінде ату жазасына кесіледі. Көзі тірісінде «Қазақтың ешнәрсесін алмаймын. Өлгенде 2,5 метр кез жер керек» деген қазақтың дарабоз ұлына туған жердің топырағы да бұйырмай, сүйегі Мәскеу жерінде қалды. Асыра сілтеудің қанды құрығына ілігіп, арманда кеткен Алаш қайраткері 1955 жылдың 8 қыркүйегінде ақталды.
Халқына берген уәдесін жұтпай, перзенттік парызын өтеп кеткен Әлихандай аяулы ұлға қандай құрмет көрсетілсе де, көп емес. Өйткені, Әлихан жүріп өткен жолдың үстінде қазақтай дана халықтың құнды тарихы, өмір-тағдыры, азаттықты аңсаған қиын-қыстау жылдары жатыр. Одан тарихты сөйлетіп, жазып, оқып білетін бүгінгі ұрпақ елін, жерін қалай сүю керектігін, ұлтына қалай қызмет жасау қажеттігін, халқына қалай қорған болу керектігін үйренген болар еді. Тарихтың тамырында жатқан тарихи тұлғалардың ісін оқып, білімін тани түссе, халқының патриоты да солар деп ұғар едік.
Биыл ата-бабаларымыз өмір бойы армандап өткен ұлы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Бөкейханның 150 жылдық тойының қатар келуі бір ғажайыптың керемет туындысы тәрізді. Азаттықты аңсаған арда ұл мен оның көрмей кеткен арманды тойы бір-бірімен үндесіп, үйлесім тауып жатса, көңілге қонған қуаныштың мейірім тапқаны да. Осы ыңғайда Алаш үшін қыруар іс тындырып, ел тәуелсіздігін армандаумен ғұмыр кешкен ардақты азаматқа елі нендей құрмет көрсетті деген сұрақтың тууы заңдылық. Қазақстанның оңтүстік астанасы – Алматыдан, елордасы – Астанадан, және тағы басқа қалалардан ер есіміне лайықты көше атауларының берілгені бүгінгі ұрпаққа белгілі жайт. Тағы бір аты ескірмейтін, өмірі өшпейтін құндылық – қоғам және мемлекет қайраткерінің 9 томдық шығармалар жинағының 2013 жылы жарық көруі. Бір қуантарлық жайт – арада салмақты үш жыл өтсе де, асыл ердің осы жинақтарының қолдан-қолға тимей оқылуы.
Сынаптай сырғыған жылдар тізбегі біраз оқиғаларды өз ағысымен тарих қойнауына батырып жіберуі мүмкін. Бірақ, Алаштың ардақтысына айналған өжет мінез, ер көңіл, ұлтжанды Бөкейханның тарих қойнауына сүңгіп кетуі мүмкін емес. Олай дейтініміз, біз – қазақтың баласы Әлихан армандап өткен Азаттықтың көк байрағының астында өмір сүріп отырмыз. Сондықтан, көк байрақ көктен желбіреген сайын, Бөкейханның есімі де биіктей түспек! Биылғы тойға жасалатын игіліктер – алдымен ел батырының Мәскеудің Данской қорымында жатқан топырағын туған елі Қазақ жеріне қайта жерлесе, ең бір ізгілікті іс атқарылған болар еді. Осы мазмұндас шаралардың қатарында Алаш ұлының кіндік қаны тамған жеріндегі бір қалаға оның есімін беру, жоғары оқу орындарының үздік студенттеріне, қаламы жүйрік журналистерге Бөкейхан атындағы стипендия, грант тағайындау, ер есіміне лайықты кино түсіру, Мәскеудің мұрағаттарында көміліп жатқан қолжазбаларын, деректі шығармаларын тағы бір жіті көзбен қарап, жинақтау, естеліктер ұйымдастыру, қазақ жастарына кеңінен насихаттау келер күннің еншісінде. Шынында да, «Қыр баласы, ел ағасы, қазақтың болған панасы, жел жағында қаласы, ұмыта ма, Әлиханды, бұл қазақтың баласы?!».
Ендеше, елдік мұраттарымыздың бағын жандырып, бағасын білейік. Сол мұратты игіліктің бірі – Әлихан тойы. Қазақ мемлекетінің өзге елдерге мақтанып көрсететін мұратты іс-шараларының бірі – осы той ЮНЕСКО деңгейінде тамаша тойланып, әдемі көрініс табады деген үміттеміз.
«Қазақ» газетіне жазған бір мақаласында Әлекең: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өңге жұрттар қатарында кім қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып, білуге тиіс болады» – деп толғаған екен. Данышпанның осы бір кемел сөзі бүгінгі қазақ еліне арнап айтылғандай.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, профессор.