26 там, 2019 сағат 11:35

Әл-Фараби даңғылында 80 км/сағ жылдамдыққа рұқсат беретін белгілер орнатылуда

Алматының әл-Фараби даңғылында сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат беретін белгілер пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өзгерістер әл-Фараби даңғылының кейбір учаскелерінде байқалады. Жол қызметкерлері жылдамдықты шектеу белгілерін 80 км/сағ ауыстыруды жалғастыруда.

Еске салайық, осы жылдың 15 қаңтарынан бастап қаладағы жол-көлік оқиғаларын азайту, сондай-ақ жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында көлік жылдамдығы Шығыс айналма жолы, әл-Фараби даңғылы, Саин көшесінде  сағатына 80 шақырымнан, 60 шақырымға төмендетілген болатын. Ол кезде шаһарға Бауыржан Байбек басшылық еткен еді.

Кейін қаланың жаңа әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Instagram-парақшасына аталмыш жол учаскелерінде сағатына 80 шақырыммен жүруге қайта рұқсат беру туралы өтініштер түсе бастады.

Нәтижесінде, яғни 19 тамыз күні әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолында сағатына 80 шақырыммен жүруге рұқсат берілді.