12 қыр, 2022 сағат 16:19

«Ақынды туған жер жіпсіз байлайды»



Отандық бағдарламалардың бірінде кейіпкер болған ақын Мерей Қарт дәл осылай дейді. Семейлік ақынның айтуынша, өзін туған жері, киелі мекені жіпсіз байлайтын көрінеді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Ақынның айтуынша, Семей деген сөз - түркінің сөзі, қазақшалағанда киелі мекен деген ұғымды білдіреді екен. Өлеңнің киесі қонған жер, сөздің киесі қонған жер.

«Топырағы киелі, сондықтан сол кие жібермейді деп ойлаймын. Жіпсіз байлайды. Алматы қаласында Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта оқыдым. Бірақ Семейге қайтып келдім. Шәкәрім атындағы университеттің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсіп, білім алдым. Соны төрт жыл оқып, тамамдадым. Семей өзіміздің туған жеріміз, өзіміздің ел болғаннан кейін өзіміздің елде оқиық дедік. Содан кейін бұл жақтағы базасы, білім беруі бәрі өзіме ұнады. Қазақ әдебиетінің арғысынан-бергісіне дейінгі тұлғалардың барлығын оқып, ойымызға тоқып келеміз. Батырлар жырынан бастап, лиро-эпостық жырлардан бастап. Енді қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Дулат Бабатайұлы, Абай Құнанбайұлы тұлғаларды айтамын. Одан кейін беріде бізге үлгі болған Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Есенғали Раушанов, Светқали Нұржан сияқты ағаларымыздың жырларынан сусындап келеміз», – дейді Мерей Қарт.

Ақынның ойынша, адамзатты адам қылып тұрған ұлы күш – махаббат. Бұл ұлы сезімді әркім бастан өткереді, бірақ шын сезініп, жыр арнау тек ақынға бұйырған бақыт болса керек.

«Студент кезімде жазылған өлең есіме оралып тұр. Мұқағалидің сөзі бар ғой: «Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады» деген. Ең бір тәтті сезімдер сол балалық шақта, бозбала шақта өтеді деп ойлаймын. Сондай шақта жазылған бір өлең:

Сырыңды ақтар, ақтарма,

Жүрегім менің бір сенде.

Атыңды жазғам ақ қарға,

Еріп кетерін білсем де.

Жолдап ем саған хатымды

Сезімді сақтап басқа атқа.

Қайыңға жазғам атыңды,

Оны да шауып тастапты.

Өткен күндерді білдің бе,

Барлығы, бәрі жойылған.

Парта да сынық бүгінде

Атыңнан сенің ойылған.

Кезекші қыздар бастайтын,

Еліріп және есіріп

Тақтада және тастайтын

Атыңды сенің өшіріп.

Бұлттың жаза алмай бетіне,

Төзімді қайтқам түйдіріп.

Тақтайдың сол шетіне

Асылмен жазғам күйдіріп.

Алдымнан шықпай арай күн

Балғын сезім уланған.

Есімін іздеп қараймын,

терезелерге буланған.

Сүйрейді мені көштей бір,

Өткен күн ашып есігін.

Тек қана жалғыз өшпей тұр

Жүректе қалған есімің.

Маған ең қызықты сәт, балалық шақта махаббат туралы, ауыл, отан, әже, ата деген тақырыптарда алғаш қолға қалам ұстап, екі сөздің басын қосып ұйқастыра білген сәттерде өзімді ақын сезінген керемет сәттер болды. Одан кейін мен Алматыда Абай атындағы мектепте оқыдым. Сол кезде Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли сияқты қазақтың классиктерін көріп, сол кісілердің алдында өлең оқыған кезде, «әй, мынау болашақ ақындар ғой» деген кезде ол кісілер рас айтып тұрған шығар деген кеудемізді кернеген сезімдер болды. Одан кейін негізгі ақынның ақын болып сезінетін сәті өлең жазу процесінде болады. Одан кейін үлкейе келе, ақыл тоқтата келе әртүрлі мүшәйралар болып жатады, ақындарды марапаттау сәттері болып жатады. Кейде алдыңнан шыққан адамдар «біздің ақынымыз» деп жатса, сол кездерде сезінетін шығармыз», – дейді ақын.

Өзінің бойына сіңірген ілімі мен білімін қажеттілігін қоғамға қажетті дүниені дер кезінде беріп, дер кезінде жазып кету қаламгердің миссиясы деп ойлайтын ақын қалам иесіне қажетті қасиеттерді де атап өтті. Айтуынша, ең бір қажеттілігі – қайраткерлік.

«Мысалы, ақын болғаннан кейін немесе жазушы болғаннан кейін ол үнемі жазу үстелінде немесе жазу-сызумен ғана айналыспай, қайраткерлігі де болса деп ойлаймын. Өйткені ақын деген  қоғамның айнасы. Сол қоғамның, керек десеңіз, сол дәуірдің, сол буынның айнасы ақын болады. Сондықтан сол қоғамына ой тастаушы, қоғамын алға ілгерілетуші, қоғамның келеңсіз, түйіткілсіз дүниелерін көргенде ақын деген ақырып айтушысы, жоқтаушысы. Ұлттық дүние болсын, адамзаттық дүние болсын  осы турасында үлкен ой салушы.

Ақынға қайраткерлік керек дедім. Осы орайда бірден ойыма Светқали Нұржан ағамыз оралып тұр. Ол кісі қайраткер ақын деп ойлаймын. Арғысы Абайдан бастап, оның арғы жағындағы дулығалы батырлар жырларынан бері қарай алғанның өзінде ақынның бойында ұлттық намыс пен қайраткерлігі қатар жүрген. Мысалы, жоғарыда айтқан Светқали ағамыз қай кезде, қандай жағдайда болсын аузын жұмып қалмайды. Ұлттық мүддеге келген кезде аянбайды. Сонда ақынның ақындығы көрінеді деп ойлаймын. Ол жалпы адамзатқа ортақ дүние болса да, оны айтушы, жеткізуші ақындар болу керек деп ойлаймын», – дейді Мерей Қарт.