16 қаз, 2023 сағат 11:29

Ақын Несіпбек Айтұлы дүниеден озды

Фото: qazaqadebieti

Белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы 73 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Несіпбек Айтұлы 1950 жылы Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағында дүниеге келген.

Еңбек жолын Шұбартау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастаған. Ал 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

1974-1984 жж. «Балдырған» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, «Жалын» баспасында редактор. 1984-1994 жж. Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1995-1996 жж. «Ақын» қауымдастығының директоры. 1997-2001 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінде сын бөлімінің, «Жұлдыз» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі.

2001 жылдан бастап Астана қаласына көшіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Президенттік Мәдениет орталығында қызмет істеген.

Сондай-ақ ол Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі, Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мұражай директоры болды.

Алғашқы кітабы 1974 жылы «Қозыкөш» деген атпен жарық көрді. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Бәйтерек», балаларға арналған «Балабақшаға барар жолда», «Желкілдеп өскен құрақтай», «Күміс күйме» («Серебряный сундучок»), «Қартаймайды күн неге?» атты кітаптары, Шығыстың ұлы шайыры Ә.Науаидың «Ескендір қорғаны», «Ләйлі-Мәжін» дастандарын тәржімалап, «Игорь жорығы туралы жыр», тағы басқа аударма кітаптары шыққан. Түріктің VІІ ғасырда өмір сүрген ұлы ақыны Жүніс Еміре, қытайдың көне дәуір ақыны Бо Цызюдың, француз ақыны ДЖ.Родаридың, сондай-ақ М.Исаковский, А.Барто, С.Михалков, С.Баруздин, В.Берестов, Т.Сыдықов, С.Жусуев өлеңдерін туған тілімізде сөйлеткен.

«Бәйтерек»(2003), «Көз жасым» таңдамалы (2006), «Бөрітостаған» (2007), «Ерлікке ескерткіш» (2008), «Сардар» (2008), «Құланойнақ» (2009), «Арқатірек» (2010), «Наурызбай» (2011), «Ту» (2012), «Сарайымнан шыққан сөз» (2014), «Дариға, дәурен» (2018) және тағы басқа кітаптары жарық көрген.