11 нау, 2021 сағат 10:03

Ақылбек Күрішбаев ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруге қатысты ұсыныс айтты

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев жоғары оқу орындарында білікті мамандарды даярлау мәселесіне қатысты Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлемдік жетекші университеттердің сәттілік формуласы - профессор-оқытушыларының заманауи біліктілігінде. Сол себепті олардың әлеуетін дамыту оқу орнының басты назарында болып, қажетті ынталандырулар жасалады және білім беру әрі ғылыми қызметтің барлық саясатын тікелей оқытушы-ғалымның өзі анықтап, менеджерлерді сайлауға, бюджетті бөлуге қатысады. Нақтырақ айтсақ, оларда университетті басқару жүйесі алқалық және демократиялық қағидаттарға сай қалыптасқан. Олардың ғылыми кеңесі ректордың кандидатурасын ұсынып қана қоймай, ЖОО-ға қандай басшы қажет екенін өздері шешеді, яғни оған қойылатын біліктілік талаптарын анықтайды. Аталған жетекші университеттердегі басқару жүйесінің түбегейлі айырмашылықтарын көрсететін көптеген мысалдарды келтіруге болады», - деп тоқталды сенатор. 

Оның айтуынша, Қазақстандағы мемлекеттік жоғары оқу орнының қатардағы оқытушысының орташа жалақысы шамамен 120 мың теңгені құрайды, бұл мектептегі кейбір мұғалімдердің жалақысына қарағанда аз. Сонымен қатар, көптеген педагоктардың жылдық оқу жүктемесі 700 сағат шегінде (сабаққа дайындалу уақытын есептемегенде). Сонымен қатар, ол ғылыммен және куратор ретінде тәрбие жұмысымен айналысуға уақыт табуы тиіс.

«Егер турасын айтатын болсақ, біздің ЖОО-дағы оқытушылық жұмыс бүгінгі күні конвейерлік өндіріске айналып келеді, ал оқытушының өзі әр түрлі есептер, рейтингтер мен ғылыми мақалаларды жариялау бойынша міндеттемелер мен басқа да бұйрық, нұсқауларды үнсіз орындаушыға айналуда. Университеттердің Ғылыми кеңесі нақты басқару тетіктеріне ие емес және көптеген университеттерде ректораттың шешімдерін қамтамасыз ету жөніндегі декларативті органға айналды. Ал университетте жұмыс істейтін профессорлық-оқытушылық құрамның өкілдері Директорлар кеңесіне тәуелсіз директор ретінде кіруге құқығы жоқ, өйткені бұл Акционерлік қоғам туралы заңға қайшы келеді», - деді А. Күрішбаев. 

«Университеттерге академиялық еркіндік бере отырып, біз олардың басшылығына сырттан ЖОО ісіне араласуды шектейтін кең өкілеттіктер бердік. Бірақ профессор-оқытушылар ұжымының және Ғылыми кеңестердің басқару жүйесіне қатысуын, сондай-ақ дамыған елдердегідей Директорлар кеңесі құрамындағы өкілдігін қамтамасыз етпедік. Қазіргі уақытта Президентіміздің жаңашыл бастамаларының арқасында елімізде қоғамымызды демократияландыру, қоғамдық бақылауды дамыту, жергілікті өзін-өзі басқару, әкімдердің сайлануы және басқа да қадамдар бойынша прогрессивті өзгерістер болып жатыр. Еліміздің болашағын қалыптастыратын жоғары оқу орындары бірінші кезекте демократиялық қағидаттарды сақтауымен басқаға үлгі болуы тиіс», - деді депутат. 

Оның пайымынша, жоғарыда айтылғандарға байланысты барлық жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік білім беру гранттарының құнын ұлттық университеттер деңгейіне дейін көтеруді және қатардағы университеттер оқытушыларының жалақысын олардың деңгейімен теңестіру туралы мәселені әділетті қарап, шешу керек.