Ақтөбе облысында Тасқопа І қорымынан табылған сармат дәуірінің көсеміне қатысты зерттеу жұмысы аяқталды. Бүгін көпшілік назарына ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысы ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2019 жылы күзде археологтар құнды олжаға тап болған еді. Олар Тасқопа І қорымындағы қазба жұмыстары кезінде алтын бұйымды киім-кешек кигізілген көсемнің жерленген жерін тапты. Содан бері зерттеу жұмысы жалғасып, үздіксіз жүргізілді.
«Бұл өңірге бір емес, бірнеше рет келдік. Өйткені Әлкей Марғұлан атындағы институт іс-шараның негізгі орындаушысы, бағдарламасын дайындаушы. Екі жыл бұрын басталған жұмысқа облыс әкімдігі, мәслихат қолдау білдірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ақтөбе облысының киелі жерлер географиясы» жасалды. Облыстық бағдарлама аясында көп жұмыс атқарылып, өте керемет жәдігерлер табылды. Бүгін көне сармат дәуіріне тән жәдігерді қалпына келтіру жұмысын таныстырдық. Өте қуанышты жағдай. Тек облыстың емес, бүкіл Қазақстанға қазақ халқының көне тарихының бетін ашып бердік. Есік қаласынан табылған «Алтын адамнан» өз ерекшелігі бар. Бұл – Қазақстанның батысында табылған құнды дүние. Осыдан 2,5 мың жыл бұрын осы жерде көне тайпалар өмір сүрген. Олар сақ тайпаларымен рулас болған. Сол себепті көп жәдігері ұқсас. Мәселен, садақ салатын алтын қорамсақ елімізде алғаш рет Ақтөбеде жерінде табылды. Қара теңіздегі сақ тайпасына ұқсас болып келеді. Жасалуы, этникалық құрамы сол кезеңге келеді. Тарихқа, әсіресе, қазақ тарихына, көне тарихымызға үлкен үлес қосып отырмыз», - деді Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев.
Оның айтуынша, қорым тоналған. Сол себепті антропологиялық зерттеу жұмысын жүргізу мүмкін болмады.
«Қиындығы – сол заманда көршілес тайпалар бір-бірін тонаған. Сөйтіп, біз бір бөлігін ғана жинап алдық. Қолға түскен алтын бұйымдарды реконструкциялап, киім үлгісін толық қалпына келтіріп отырмыз. Бұл ер адам. Ер адамның заттары. Алайда антропологиялық тұрғыда қалпына келтіре алмаймыз. Өйткені бәрін қиратып кеткен. Бірақ өзге қорымнан табылған адамды салыстырып, түр-әлпетін жасап шықтық. Жасы 40-қа жетпеген. Жауынгер. Тайпа басшысы болған. Ол кезде жай адамды мұндай затпен жерлемеген. Ауқатты болған», - деді Б. Байтанаев.
Айта кетейік, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры Б.Байтанаев, ғылыми қызметкері А.Бисембаевтың және басқада мамандардың ғылыми кеңестері негізінде, Ресей ғылым академиясы материалдық мәдениет тарихы институтының реставраторы Н.Курганов алғашқы тазалау, консервациялау жұмыстарын жүргізді. Ғылыми деректерге сүйене отырып жерлеу материалдары негізінде Тасқопа көсемінің реконструкциясын жергілікті шеберлер Болат Атраубаев, Ерқосай Әбілов әзірледі.
«2019 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде біз үлкен табысқа қол жеткіздік. Бұл Темір ауданындағы Тасқопа қорымында табылған материалдар. Алдымызда зерттеу, қалпына келтіру тапсырмасы қойылды. Бір ерекшелігі, барлық зерттеу, қалпына келтіру жұмысы музей базасында жүргізілді. Екіншіден, Ә.Марғұлан атындағы археология институты, Ресей ғылым академиясы, Санкт-Петербург қаласындағы тарих институтының реставратор мамандарымен бірлесе отырып, жергілікті шеберлер қолымен Тасқопа қорымынан табылған көсемнің көшірмесі дайындалды. Ең алдымен, материалдардың графикалық реконструкциясы қалпына келтіріледі. Оның моделі жасалып, кейін көшірмесі дайындалады. Мұны шартты түрде Тасқопа көсемі деп айтып тұрмыз. Көпшілік қалай қабылдайтынын білмейміз. Атауына байланысты алдағы уақытта қала тұрғындары арасында конкурс ұйымдастыруымыз да мүмкін. Қазіргі кезде музейге көшірмесі қойылды. Музейдің қорына тапсырылды. Түпнұсқасы да қорымызда тұр. Түпнұсқаның қайда болатынын министрлік шешеді. Ия, біз сармат көсемінің образын жасаған кезде актер Мұрат Бисембин бейнесін алдық. Ол қарсы болған жоқ. Томиристің әкесі Спарғаптың рөлін сомдаған ғой. Нәсілі иран тілдес болған. Сол сарматтардың түр-тұлғасына келеді. Бәрі ғылыми дерекке сүйенді. Табылған заттардың негізі жоғалған жоқ. Көшірмесіне де алтын жалатылған күміс бар. Көрмеге қойылған қорамсақ, белбеу – түпнұсқа», - деді Ақтөбе облыстық музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Зерттеу жұмыстары барысында екі монолитте сақталған садақ пен қорамсақ, жебелер, 2 белбеу, шағын қалташа, камшы көшірмелері жасалды. Деректерге сүйене отырып, сармат көсемінің киімдері: шалбар, жейде, аяқ киімі, күртешесі және бас киімі қайта тігілді. Барлық бұйымның көшірмесі сынамасы жоғары күмістен құйылып, алтынмен жалатылып әзірленді.