Фото: ашық дереккөз
Ақтөбеде танымал рэп-орындаушы Qarakesek-ке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Өнер иесіне есірткіге байланысты айып тағылып отыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Еске салайық, 31 жастағы әртіс, шын есімі Омар Амантаев, өткен жылдың жазында полиция тарапынан ұсталған болатын. Медициналық сараптама оның көлікті есірткілік масаң күйде басқарғанын растаған. Сол кезде сот шешімімен ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді.
Алайда іс мұнымен шектелмеген. Ұстау кезінде оның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған zip-пакет табылған. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігі («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатынсыз заңсыз айналымы») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс Ақтөбе қаласының №2 сотына түскен.
Белгілі болғандай, айыпталушы іс материалдарымен танысып шыққан. Сот ҚР ҚПК-нің 67-бабы 1-бөлігіне сәйкес оған Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасы арқылы қорғаушы тағайындау қажеттігін қаулы еткен.
Тағылған айып бойынша Амантаевқа 865 мың теңге көлемінде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.
Айта кетейік, Qarakesek – қазақтілді аудиторияға кеңінен танымал рэп орындаушы. Оның YouTube желісіндегі «Қураған гүл» және «Көбелек» сынды лирикалық тректері миллиондаған қаралым жинаған.
