14 сәу, 2026 сағат 13:17

Діни материалдарды заңсыз тарату: Дарын Мубаров жылына екінші рет жауаптылыққа тартылды

Фото: ашық дереккөз

Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы діни материалдарды заңсыз таратқаны үшін «уағызшы» Дарын Мубаровты жауапқа тартты, деп хабарлайды Ult.kz.

Айта кету керек, бұған дейін, 2025 жылғы қазанда ол осындай әрекеті үшін жауапқа тартылған болатын. Осылайша, азамат бір жыл ішінде заң талаптарын қайта елемеді.

Осы факт бойынша ДІБ қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490-бабы 8-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасады (осы баптың 1-бөлігінің 3) тармақшасында көзделген құқық бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасау).

"Сот шешімі бойынша Д.Мубаров әкімшілік құқықбұзушылықты қайта жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды, бұл бүгінгі күні 865 000 теңгені құрайды.

Қазақстан Республикасының заңнамасын қатаң сақтаудың маңыздылығын және діни мазмұндағы материалдарды таратудың белгіленген тәртібін бұзуға жол бермеуді еске саламыз", - делінген хабарламада.